Жамбыл теміржолында табыс та, тасымал да еселенді
"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі
Мемлекет басшысының Қазақстан темір жолын толыққанды логистикалық компания ретінде қалыптастыру туралы тапсырмасына орай соңғы жылдарда шойын жолдың транзиттік және экспорттық қуатын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Еліміздің барлық өңірінде магистральдық желілер жаңғыртылуда. Ал бұл өз кезегінде аймақтардағы жүк және жолаушылар тасымалының артуына оң ықпал етуде.
Георафиялық тиімді орналасуына орай елімізде құрлық арқылы транзиттік жүк тасымалының әлеуеті жылдам дамуда. Жүк айналымының экспорттық көлемін арттыруға Қазақстан темір жолы үлкен серпін беріп отырғаны да ақиқат. Ал Ұлттық компанияның қоржынына жүк тасымалынан түсетін табысты ұлғайтуға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалы да қомақты үлес қосып отыр деп айта аламыз.
«Жамбыл» филиалы жүргізіп отырған үйлесімді және жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2024 жылмен салыстырғанда былтыр жүк тасымалынан түсетін табыс 24 264 091,5 теңгеге немесе 51,4 пайызға артқан. Осылайша, 2025 жылғы нақты табыс 71 434 692,6 мың теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 47 170 601,1 теңгені құраған болатын. Филиал жыл ішінде осынша өсімге қалай қол жеткізді? Алдымен соған тоқталып өтсек.
Шын мәнінде жамбылдық теміржолшылардың үлкен жетістігі деп бағалауға болатын көрсеткіштің өсуіне әсер еткен бірден-бір фактор – филиалдың жүкті тиеу мен түсіруді ұлғайтуы. Осы арқылы 2025 жылы кіріс деңгейі артқан. Нақтырақ айтсақ, былтыр тиеу көлемі 36 пайыздан асып, 6 813,1 мың тоннаны құраған. Ал биылғы болжам – 9 251,3 мың тонна. Жыл ішінде тиеу көлемін ұлғайтып, осы межені бағындыра ала ма?
– Бұл – қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Себебі Жамбыл өңірінде «Қазфосфат», «Жаңа фосфор зауыты», «ЕвроХим-Қаратау», «Қазатомөнеркәсіп» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындар бар. Жыл санап аталған өндіріс орындарының экспортқа шығаратын өнімінің көлемі өсіп келеді. Ал өндірістік қуаты жағынан облыста ғана емес, республикада алпауыт саналатын бұл зауыттар өндірген өнімдерін тасымалдауда теміржол қызметіне, яғни бізге жүгінеді. Төрт зауыт 2028 жылдан бастап тасымалдау көлемін тағы да 50 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, алдағы уақытта аймақта жылына 1 800 мың тоннаға дейін өнім шығаруды көздейтін «Казаксода» ЖШС сияқты тағы бір ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Зауыт іске қосылғанда біздің жүк тасымалымыздың көлемі бұдан да арта түсері сөзсіз, – деп болжайды «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов.
Жамбыл филиалында еңбек өнімділігін арттыру үшін теміржолшыларды әлеуметтік қолдау шаралары жолға қойылған. Филиалдың құрамында Шу және Жамбыл негізгі локомотив пайдалану деполары мен Сарышаған айналым депосы жұмыс істейді. Локомотив деполары – жүк тасымалының негізгі күші десек, машинистердің жағдайын жасап, толыққанды демалысын қамтамасыз етуге айрықша назар аударылып отыр. Мысалы, Сарышаған және Шу станцияларында локомотив бригадаларына арналған демалыс үйлері орындар санын көбейтіп, қайта жаңартылып-жаңғыртылған.
Жалпы еңбекті қорғау және материалдық қолдау шаралары – мамандардың өз ісіне деген жауапкершілігін күшейтіп, жұмысқа деген ынтаны арттыра түсетіні анық. Әлеуметтік көңіл күйдің тұрақтылығы – жұмыскер ең алдымен қажет ететін фактор. Сондықтан филиал басшылығы қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қылыптастырумен қатар ынталандыруды да қажетті шараның бірі деп санайды. Табыс артса, жалақы да көбейеді, мұны әрбір теміржолшы жақсы түсінеді. Филиал басшысы 2026 жылдың 1 тоқсанының соңында машинистердің орташа айлық жалақысы – 969 344 теңгеге, машинист көмекшісінікі 743 956 теңгеге жеткенін атап өтті. Жалпы деподағы қызметкердің орташа айлық жалақысы 800 097 теңгені құраған.
Мәліметке сүйенсек, 2025 жылғы кезеңмен салыстырғанда жалақы мөлшері 111 519 теңгеге өскен. Айлық табысының көбейгенінен бөлек, Жаңа жыл, Наурыз, Республика күні, Тәуелсіздік мерекелерінде сыйақы берілуі мамандарды еңбекке ынталандыра түскенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар локомотивтердің инвентарлық паркі кезең-кезеңімен жаңарып жатқаны да еңбек өнімділігін арттыруда. Айталық, Шу депосына 10 дана KZ8A электровоз және 8 дана СКД-6Е сериялы тепловоз берілсе, Жамбыл локомотив пайдалану депосының паркі 2025 жылы 8 жаңа тепловозбен толыққан болатын. «Evolution» ТЭ33АС сериялы тепловоздар өндірістен 2024 жылы шыққан. Жаңа тепловоздар 2ТЭ10М және 2ТЭ10МК сериялы ескірген локомотивтерді ауыстырды. Қуатты техникалар сағатына 120 км еңсере алады.
– Жалпы, жамбылдық теміржолшылар жетістігі неде десек, өндірістік көрсеткіштен бұрын ұжымдағы ауызбіршілік, дұрыс құрылған еңбек қатынастары, олардың арасында осы салаға берілген, кәсібилігінің арқасында құрметке бөленген жандардың арқасы дер едім, – деген филиал директорына алып-қосарымыз жоқ.