Мақсат – өзгерістерге бейімделу
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Бұл жолы Семей магистральдық желі бөлімшесінде өткен жиынның мән-мағынасы ерекше болды. Онда алдағы 1-ші шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституция басымдықтары туралы сөз болды.
Бөлімше басшысы, Құрметті теміржолшы Айдын Шәукежановтың төрағалығымен өткен іс-шараға желі бойындағы станциялар мен мекемелер басшылары онлайн режимде қатысты. Жиында Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Конституциялық реформалардың маңызы, олардың қоғам мен мемлекетті дамытудағы рөлі кеңінен түсіндіріліп, әдістемелік ұсынымдар негізінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
– Басты мақсат – теміржолшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып отыр. Сонымен қатар, Конституцияның негізгі қағидаттарын түсіндіре отырып, оның бүгінгі қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға қосар үлесін бағамдау, – дейді бұл орайда НЖС-6 кадр бөлімінің басшысы Данияр Баймағұлов.
Жиын барысында өзара талқылаулар ұйымдастырылып, пікір алмасулар өткізілді. Әсіресе, көлік саласындағы цифрландыру, жасанды интеллект мәселелері де тақырып өзегіне айналды. Бұл орайда жаңа Конституцияда цифрлық әлеует пен ЖИ бойынша арнайы баптар бекітілмегенімен, Ата Заң еліміздегі жаңа технологиялық реформалардың, атап айтқанда, деректерге негізделген басқару мен азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи даму стратегиясының негізі екендігі кеңінен сөз болды.