Құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысы басталды
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Жуырда Абай облысында болашақ «Бақты» станциясының іргесінен мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің іргетасын қалау рәсімі болып өтті. Салтанатты шараға облыс басшылығы мен теміржол өкілдері, «Port Baqty» ЖШС құрылтайшылары, тағы басқа мүдделі тұлғалар қатысты.
Айта кетерлігі сол, тың жоба аймақ үшін ғана емес, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту бағытында да маңызды стратегиялық мәнге ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейту бойынша тапсырмасы аясында іске асырылатын жаңа құрылыс Транскаспий көлік бағыты, яғни Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттырады. Яғни «Бақты» құрғақ порты – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, халықаралық сауда, көлік және логистика салаларын тоғыстыратын жаңа даму нысаны. Сол себепті де жаңа жобаның толыққанды іске асырылуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады.
Бүгінде Бақты ауылы аумағынан 150 гектар жер учаскесі бөлінді. Құрылысты жобалау, ұйымдастыру және дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек.
Жалпы, «Бақты» мультимодальды құрғақ порты Достық және Қорғас өткелдерінен кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі болмақ. Жаңа логистикалық торап екі ел шекарасының өткізу қабілетін жылына қосымша 20–25 млн тоннаға арттырып, қолданыстағы өзге екі өткелдің жүктемесін барынша азайтатын болады.

«Терминалдың жобалық қуаты – жылына 1 млн контейнер. 2032 жылға қарай оның 700 мың контейнерге дейінгі көлемін игеру жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңінде 210 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып, 200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Кешен құрамында контейнерлік және астық терминалдары, қойма кешендері, кедендік және логистикалық инфрақұрылым, автокөлік терминалы мен сервистік нысандар салынады. Сонымен қатар жалпы ауданы 50 мың шаршы метрге дейін жететін бондтық қоймалар қарастырылған» делінген Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Жобаны іске асыру 2026-2028 жылдарға жоспарланып отыр. Құрғақ порт пен логистикалық парктің ашылуы аймақтың көлік-логистикалық мүмкіндіктерін арттырып, халықаралық транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін күшейтеді. Мұнымен қоса, жаңадан салынып жатқан Бақты-Аягөз телімі бойындағы жүк тасымалы көлемін ұлғайтып, отандық экспортқа да оң ықпал етері анық.