«ҚТЖ» ҰК» АҚ цифрландыру саласы бойынша деректер мен заманауи технологиялар арқылы қауіпсіздік, тиімділік және тасымалдауды басқарудың сапасын арттыратын бірыңғай цифрлық теміржол экожүйесін құруды мақсат етіп отыр.  

Бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ жекелеген операцияларды кезең-кезеңімен автоматтандырудан бүкіл теміржол саласын кешенді цифрландыруға көшіп жатыр. Басым бағыттар өндірістік үдерістің барлық кезеңін қамтуда. Олардың қатарында локомотивтерді интеллектуалды басқару, станциялар мен деполарды автоматтандыру, инфрақұрылым мен жылжымалы құрамды цифрлық диагностикалау, пойыздар қозғалысын басқару жүйелері мен технологиялық байланысты дамыту, жолаушылар тасымалын цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу бар.  

Қазіргі уақытта Ұлттық компания өндірістік және корпоративтік міндеттерді шешуге арналған жасанды интеллект технологияларының өзіндік портфелін қалыптастырып келеді. Олар диагностика, тасымалдау үдерісін басқару, талдау және ішкі операцияларды автоматтандыру бағыттарында қолданылады. Сонымен қатар ІТ-инфрақұрылым мен ақпараттық жүйелер жаңғыртылып, компания қызметкерлеріне арналған Бірыңғай цифрлық жұмыс орны енгізілуде.