Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінде кәсіподақ жұмысы жүйелі жүргізілуде. Әлеуметтік қолдау, ардагерлерге құрмет, спорт пен мәдени шаралар басымдыққа ие.

Бөлімшедегі кәсіподақ төрағасы Нұрден Салыховтың айтуынша, жыл сайын кәсіподақ мүшелерінің, атап айтқанда денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқан, ауыр сырқатқа шалдыққан, ота жасатқан, материалдық қиындық көрген және жақындарынан айырылған теміржолшыларға материалдық қолдау көрсетіліп келеді.  

– Ардагерлерге құрмет көрсету де назардан тыс қалған емес. Құрбан айт, Наурыз және Жеңіс күні мерекелерінде аға буын өкілдеріне арнап кездесулер ұйымдастырылды. 1 қазанда 100 жасқа толған теміржол ардагерін арнайы құттықтап бардық. Қарттар үйінде тұрып жатқан тағы бір ардагерге барып, хал-жағдайын біліп қайттық. Кәсіподақ мүшелері арасында футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тартыс және қол күресінен спорттық жарыстар өткізілді. Осы уақытқа дейін осындай 14 шара өтті. Алда қараша және желтоқсан айларында да жоспарлы жарыстар бар, – дейді Нұрден Салыхов.