Теміржолшы ардагерлерге құрмет көрсетілді
Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші
Маңғыс тау аймақтық теміржолшы ардагерлер кеңесінде Халықаралық қарттар күніне орай бірқатар мерекелік іс-шаралар өтуде. Түбек теміржолының бас ғимаратында өңір теміржолының дамуына ғұмырын арнап, елеулі үлес қосқан ардагерлер арнайы шақырылып, құрмет көрсетілді.
Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі мен Жүк тасымалы бөлімшелерінің директорлары да қатысқан жиында саланың дамуы жолында жанкештілікпен аянбай еңбек еткен аға буынға алғыс айтылып, жеті адамға Ақтау қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталып, бір ардагер Маңғыстау аймақтық теміржолшы ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагер теміржолшы» төсбелгісіне ие болды. Солардың бірі – жасы сексен беске келген Шархат апай. Талай жыл жол жөндеуші болып, нәзік жаратылысына қарамай ерлермен иық тіресіп, ауыр шпалдарды көтере жүріп еңбек еткен ол ұл-қыздарын да осы саланың мамандары етіп тәрбиелеген. Бүгінде немерелері де осы салада қызмет етуде.
– Теміржолшылардың аймақтық ардагерлер кеңесінде екі жүзге жуық зейнеткер бар. Олар облыстың түкпір-түкпірінде тұрады. Қарттар күнінде олардың қай-қайсысы да ескерусіз қалмайды. Вагон шаруашылығына еңбегі сіңген Ұбайдолла ағамызға бүгін теміржолшы ардагерлерге арнайы шығарған төсбелгімізді тақтық. Бұл марапатты жылына оншақты адамға беруді жоспарлап отырмыз. Кімге тағайындауды тораптық ардагерлер ұйымдарында кездесулер өткізіп, бірлесе анықтайтын боламыз. Енді Жаңаөзен, Жетібай, Шетпе, Құрық, Бейнеу сияқты желі бойында тұратын зейнеткерлерімізбен дидарласып қайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді аймақтық теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы Үсен Имашев.