Теміржолшылар қалашығында жаңа Өнер мектебі бой көтеруде
Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші
Ақтөбенің Шалқар қаласында Ұлттық компанияның қолдауымен салынып жатқан маңызды әлеуметтік жоба – Өнер мектебі.
Құрылысы биыл наурыз айында басталып, қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Аумағы 2109 шаршы метр болатын ғимарат 150 балаға арналған. Құрылыс жұмыстарын «ATM Holding» ЖШС жүргізіп жатыр. Ел аузында теміржолшылар қалашығы атанып кеткен Шалқарда жүріп жатқан өнер мектебінің құрылысымен танысуға жуырда Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев барды.
Басшылар маңызды әлеуметтік жобаның құрылысымен танысып, жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімге сәйкес тапсырылуын пысықтады. Қазіргі таңда ғимаратта әрлеу жұмыстары жүргізіліп, электр желілері тартылуда. Жаңа мектепте балалар музыка, бейнелеу өнері және шығармашылықтың өзге де бағыттары бойынша қосымша білім алып, қабілеттерін шыңдай алады. Құрылыс кестеге сай жүріп жатыр, басшылар мердігер компанияға нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.