Қазақстан мен Түрікменстан шекарасындағы Болашақ станциясында еңбек ететін теміржолшылар жергілікті тұрғындардың басым бөлігін құрайды. 650-ден аса халқы бар шағын Болашақ ауылы Жаңаөзен қаласының құрамына кірді.
Әкімшілік аумақтық өзгеріске ұшыраған ауылдың болашағы қандай болмақ, оны алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ бұл жаңалықтың болашақтықтарға келтірген алғашқы үлкен пайдасы шалғайдағы станция тұрғындарын орталықпен байланысын жақсартады. Әлеуметтік, мемлекеттік мекемелерден қызмет алуға бару мүмкіндігін бұрынғыдан қолжетімді ете түспек. Олай дейтініміз, бұрын жергілікті тұрғындар аудан орталығындағы мекемелерге құжат жұмыстары бойынша жүгінуі қажет болса, барып-келу үшін бірнеше күн уақытын жұмсауға тура келетін. Алтыннан қымбат уақытының көп бөлігін орталықтағы бір шаруасын бітіру үшін сарп етіп, ауылдан қалаға, қаладан орталыққа пойыздан автокөлікке немесе автобусқа ауыса жүріп қана жететін. Сондықтан әкімшілік-аумақтық өзгерістер алдымен ауыл жұрты үшін жағымды жаңалық болып отыр.
Құзырлы басшылар бұл шешімге келмес бұрын Жаңаөзен қаласында үлкен жиын өтіп, осы мәселе талқыланған еді. Жиналыста мұндай өзгерістің қаланың аумағын кеңейтуге, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ туризм мен экономикалық әлеуетті дамытуға мүмкіндік беретіні айтылған болатын.
Болашақ қала құрамына енгеннен кейін Жаңаөзен әкімі Сымбат Төретаев құзырлы мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен бірге теміржолшылар ауылының тыныс-тіршілігі, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысуға келіп кетті. Онда әкім тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылумен қамтамасыз етілуі мен көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалықты сақтау және ауылдық округтің инфрақұрылымын жақсарту мәселелеріне назар аударды. Тиісті сала басшыларына анықталған мәселелерді назарға алып, шешу бойынша тапсырмалар да берді.
Болашақ тұрғындарымен кездесу барысында ауыл әкімі атқарылған жұмыстар мен алдағы іске асырылатын жобалар туралы есеп берді. Тұрғындар Болашақ – Жаңаөзен арасында автожолдың болмауы, көлік қатынасының қиындығы, мал шаруашылығын дамыту үшін құдықтардың тапшылығы және басқа да түйткілді мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
– Бұл – біз үшін жақсы жаңалық. Өйткені бұрын ауылымыз Қарақия ауданына қарайтын. Оның орталығы Құрықпен аралығы алыс, қашықтығы жобамен 400-500 шақырым болатын. Ауырып-сырқасаң да сонша жердегі орталық ауруханаға баруыңа, басқа да мемлекеттік мекемелерге жұмысың түссе, тағы солай талай шақырымды басып өтуге тура келетін. Қазан айынан бастап облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың шешімімен Жаңаөзен қаласының құрамына ендік. Бұл өзгерісті қала әкімі өз аппаратындағы басшылармен бірге келіп, халықпен кездесуде хабарлады. Қысқасы, «қалалық ауыл» болудан күтеріміз көп, – деген Болашақ ауылының Қоғамдық қауымдастық төрағасы, Болашақ өрт сөндіру пойызының қызметкері Ерболат Бытықов ауылдастарының бұрын аудан орталығында шаруасы шықса, алдымен Жаңаөзенге немесе Ақтау қаласына барып қонатынын, одан әрі қарай Құрыққа автобус немесе таксимен ғана жететінін айтады.
Тағы бір күні орталықтағы жұмыстарын бітіруге кетсе, кері қарай тағы бір күнін жоғалтады. Яғни екі-үш күн әуре болатын. Енді олардың қуанып отырғаны – ауылды басқаратын орталық өзгергендіктен тікелей бір пойызбен барып шаруасын бітіріп, ертесі сол пойызбен қайтып келуіне болады.
– Сонымен қатар қаланың құрамына кірген ауылда бұған дейін полиция қызметкері аудан орталығынан іссапармен келіп тұратын. Енді осында полиция қызметкеріне және ветеринар маманы мен спорт нұсқаушысына штат бөлу мәселелері де шешімін табатын болды, –дейді теміржолшы Ерболат Бытықов.