Батыс өңірлік пойыздар қозғалысын басқару орталығы тасымалдау процесін цифрландыру бағытындағы ең үздік жоба ретінде танылды. Тұңғыш рет пилоттық жоба ретінде Батыс өңірінде іске асырылған Орталық жұмысы бүгінде өз нәтижесін беріп отыр.
Жобаның ерекшелігі – қозғалыстың үздіксіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, уақыт талабына сай басқару жүйесін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, Ақтөбеде құрылып, 2020 жылы іске қосылған Батыс өңірлік пойыздар қозғалысын басқару орталығының табысты жұмысы жалғасын тауып, бес өңірдің пойыздар қозғалысын бір жерден басқаруды жолға қойды. Бүгінде Ақтөбе, Астана және Алматы қалаларында осындай орталықтар жұмыс істейді.
– Батыс өңірінің теміржол қозғалысын бір орталыққа шоғырландыру – жай ғана басқару құрылымын өзгерту емес, тұтас саланың жұмыс тәсілін жаңғыртуға бағытталған қадам. Бұрын әр өңір өз аумағындағы қозғалысты жеке үйлестірсе, қазір ортақ цифрлық жүйе арқылы жағдайды тұтас бақылап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік бар. Нәтижесінде ресурстарды тиімді пайдалану, пойыздар қозғалысын үйлестіру және өндірістік үдерістерді оңтайландыру жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді, – деді орталық басшысы Дархан Құланбаев.
Орталықтың бұл әлеуеті нақты нәтижелермен сипатталады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша РЦУП-1 еліміздегі үздік өңірлік басқару орталығы атанды. Ал 2026 жылдың өткен кезеңінде жүк айналымы жоспарға қатысты 102,2 пайызға, жүк тиеу 115,2 пайызға орындалды. Вагондарды орташа тәуліктік түсіру көрсеткіші 113 пайызға жетті. Бұл – күнделікті үйлесімді жұмыстың, цифрлық мүмкіндіктер мен мамандар тәжірибесінің нәтижесі.
Орталық басшысы Дархан Құланбаевтың айтуынша, Батыс өңірінің көлік-логистикалық әлеуеті артып келеді. Ұзындығы 4 864 шақырымды құрайтын теміржол желісі халықаралық тасымалдарда маңызды орын алады. Ал цифрландыру осы міндеттерді тиімді орындауға жол ашады.
Орталықтың жетістігі цифрлы заманауи технологиялармен ғана өлшенбейді. Оның негізінде бір мақсатқа жұмылған кәсіби мамандардың тәжірибесі мен жауапкершілігі жатыр. Пойыз диспетчері Эдуард Ибрашев салада 2008 жылдан бері еңбек етеді. Ол 2020 жылы отбасымен бірге Атыраудан Ақтөбеге көшіп, жаңа орталықтың жұмысына алғашқылардың бірі болып қосылған.
– Басында жаңа ортаға бейімделу, өзгерістерге үйрену оңай болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе оның тиімділігін анық сезіндік. Бұрын әркім өз өңірі үшін жұмыс істесе, қазір бәріміз бір мақсатқа жұмылдық. Қозғалысты басқару да жеңілдеді. Автоматтандырылған жүйе арқылы жағдайды тұтас көріп, бір-бірімізге қолдау көрсете аламыз. Өз таңдауымa өкінген емеспін, – деді ол.
Ал Бауыржан Мырзабаев Маңғыстаудан Ақтөбеге 2020 жылдың 6 қазанында аға диспетчер болып ауысқан. Бүгінде ол Батыс өңірі бойынша пойыздарды басқару бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Оның айтуынша, орталықтың қалыптасуы мамандардың кәсіби өсуіне де мүмкіндік берген.
– ЦУП – теміржолдағы үздік жобалардың бірі. Бастапқыда әр өңірдің жұмыс тәсілдері әртүрлі болғандықтан, ортақ жүйеге бейімделу қажет болды. Қазір жұмыс тәртібі бірізденіп, талап бәріне ортақ. Бір өңірде мүмкіндік шектеулі болса, екіншісі көмектесуге дайын. Ең бастысы, бес өңірдің жұмысын біртұтас жүйе ретінде үйлестіруді үйрендік, – деді Бауыржан Мырзабаев.
Бүгінде орталықта 222 қызметкер еңбек етеді. Ұжымның кәсіби әлеуеті цифрлық басқару жүйелерін тиімді қолданумен қатар, теміржол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына да серпін беріп отыр. Қандыағаш – Әйтеке би бағытында жаңа жүйелер енгізіліп, қосымша жолдар салынды. Басқа учаскелерде де өткізу қабілетін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Жаңа технология, жаңарған инфрақұрылым және тәжірибелі мамандардың бірлескен еңбегі – Батыс өңірлік басқару орталығының басты тірегі. 2025 жылғы үздік нәтиже осы жүйелі жұмыстың лайықты бағасы болды.