Республика күні қарсаңында Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің үздік қызметкерлері құрмет төрінен көрініп, қошеметке бөленді.
Республика күні – елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігімізді нығайтып, ортақ мақсат жолында бірлік пен ынтымақты бекемдейтін айрықша күн. Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар, ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегін бағалау. Осы мерейлі мереке қарсаңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінде салтанатты жиын өтіп, теміржол саласында табанды еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер марапатталды.
Жиынды бөлімше директоры Сұлтанахмет Жантөреұлы ашып, теміржолшыларды Республика күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде ұлттық мерекенің маңызына тоқталып, ел игілігі жолындағы адал еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің орны ерекше екенін атап өтті.
– Құрметті әріптестер! Баршаңызды 25 қазан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын, халқымыз үшін маңызы зор мереке. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, болашағы жарқын болсын! Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болып, еліміздің дамуы жолындағы еңбегіміз жемісті болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке және қызметтеріңізге табыс тілеймін. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болып, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Республика күні құтты болсын!, – деді бөлімше директоры.
Салтанатты жиынның ең әсерлі сәті өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігімен әріптестеріне үлгі болып жүрген теміржолшыларды марапаттау рәсімі болды.

Атап айтқанда, Қызылорда агенттік пунктінің жүк қабылдап-тапсырушысы Сәуле Оралбаева «Кәсібі бойынша үздік» атанды. Ал Қазалы айналым депосының машинисі Сұлтанбек Әбіловке «Үздік машинист» төсбелгісі табысталды. Бұл марапаттар олардың өз мамандығына деген адалдығы мен еңбегіне берілген лайықты баға.
Сонымен қатар Басқарма төрағасы Е.Отыншиевтің, Қызылорда ЖТ бөлімшесі директорының құрмет грамоталарымен Жақсыгүл Жүнісова, Гүлнар Зұлқашева, Өмірзақ Ғалымжан, Нұрлан Ахметов, Шолпан Ақбергенова, Сейілхан Әзен, Гаухар Төрежанова және Оңдасын Абзалов секілді үздік 28 теміржолшысы түрлі марапаттарға ие болып, бөлімше кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Бұл күнделікті қызметінде жауапкершілік танытып, теміржол жұмысының үздіксіз әрі қауіпсіз жүруіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің белгісі.
Теміржолдағы әр маманның еңбегі ортақ істің нәтижесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан өз ісін жетік меңгерген, қызметіне адал жандарды ұлықтау еңбекке деген құрметті арттырып қана қоймай, жас мамандарға да үлгі болары сөзсіз.
Республика күніне орай ұйымдастырылған бұл салтанатты шара теміржолшыларға мерекелік көңіл күй сыйлап, ұжымның ауызбіршілігі мен ортақ іске деген ынтасын арттырды.
Ел игілігі жолындағы еселі еңбек пен кәсіби адалдық әр теміржолшының абыройы. Еңбегі еленген қызметкерлердің мерейі үстем болып, Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің ұжымы алдағы уақытта да теміржол саласының дамуына лайықты үлес қоса берсін!
