Арыста «Қазақ еліне алғыс» мемориалдық тақта орнатылды
Оқуға 2 мин
Осыдан екі жыл бұрын 24 маусым күні Арыс қаласындағы әскери бөлімде болған алапат жарылыс көпшіліктің есінде болар. Жарылыс салдарынан Арыста қаншама үйлер, мектеп пен аурухана, әлеуметтік нысандар қирап, соның ішінде станция мен теміржолдарға да зақым келді.
Төтенше жағдайдан кейін қазақ елі бір кісідей жұмылып, қиын-қыстау жағдайда қалған арыстықтарға қол ұшын созып, қаланы қалпына келтіруге кірісті.
Бірнеше айға созылған құрылыс жұмыстарының нәтижесінде аз уақытта Арыста қалыпты өмір қалпына келді.
Осы аптада Арыс-1 вокзалында «Қазақ еліне алғыс» мемориалды тақтасының ашылу салтанаты болып өтті. Ол 2019 жылғы 24 маусымда орын алған жарылыстың зардабын жоюға қатысқан барша азаматтар мен өңірлерге алғыс ретінде орнатылып отыр.
Жалпы, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары Елбасы Н.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың, ҚР Премьер-министрі А.Маминнің, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей бақылауында болды.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарға бекітіліп берілді. Облыс әкімінің басшылығымен тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы қайта қалпына келтіру мақсатында 17 штаб құрылды. Аз ғана уақыттың ішінде қала түгелдей жаңғырды, жаңадан үйлер салынып, зақымданған ғимараттар қайта қалпына келтіріліп, жолдар жаңарды. Жаңа нысандар бой көтерді.
Арыс қаласы жаңа кейіпке енді. Бұл – бүкіл елдің жұмыла кірісіп, бірлікпен атқарған ісінің нәтижесі. Сондықтан бұл ескерткіш тақта Арыс тұрғындарының қаланы қалпына келтіруге атсалысқан барша халыққа деген алғысы мен құрметі деп білген жөн.
Мемориалды тақтаны жасаған – жергілікті мүсінші Мүтәліп Күздеубаев, ал тақтадағы мәтін авторы – жергілікті ақын Мыңжасар Дәрменов.