Осы маусым айында Павлодар магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Ақсу – Дегелең учаскесі құрылысының аяқталып, пайдалануға берілгеніне 20 жыл толады. Әлбетте, уақыт өте келе бұл теміржол да жөндеу жұмыстарын қажет ете бастады. Мәселен, 2018 жылдан бастап жекелеген телімдерге күрделі жөндеу жүргізіле бастаған. Дегелең – Май, Май – Жұмыскер станциялары аралығында 69 км жол темірбетон шпалдарға алмастырылды. Ал биылғы жылдың 18 сәуірінен бастап Жұмыскер – Көктөбе аралығында 24 км көлемде жұмыс жоспарланған. Яғни, бұл жолы да осы аралықтағы шпалдар темірбетонды түрлеріне алмастырылып, 15 км дейінгі рельс иіндері төселмек. Бүгінгі таңда «Теміржол жөндеу» ЖШС мердігер компаниясының Бірлік жол машиналары стансасы 17,5 км жолға күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Жоспарлы жұмысты үстіміздегі жылдың шілде айының соңына дейін аяқтау межеленуде.