«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов Қостанай жүк тасымалы бөлімшесіне жұмыс сапарымен барды. Ол ұжыммен жұмыс кеңесін өткізіп, оның барысында бөлімнің жұмыс нәтижелері, соның ішінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау бойынша жұмыс нәтижелері қаралды. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС басшылығының бес стратегиялық даму секторы: клиентке бағдарлану, бәсекеге қабілеттілік, жүйелеу, цифрландыру және кірістілікті (тиімділікті) арттыру бойынша 20 бастамасын іске асыру шеңберінде Қостанай бөлімшесі үлгілі болады.
Қанат Көбесов қазіргі уақытта бірқатар кәсіпорындарды эталондық кәсіпорындарға айналдыру жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олардың арасында Семей, Өскемен локомотив деполары, Алматы, Атырау вагон деполары және Шымкент, Қостанай жол бөлімшелері бар. Олардың табысты тәжірибесі еліміздің барлық өңірлерінде таратылатын болады.
Қостанай бөлімшесі темір жолдың ірі құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылады. Жүктердің негізгі номенклатурасы: темір, түсті кен, астық. Бөлімше аумағында ірі темір жол торабы – Қазақстандағы 5 бағытта жұмыс істейтін жалғыз ғана станция, Тобыл станциясы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Қостанай бөлімшесінің желісі бойынша жалпы тиелім 9,5%-ға өсіп, 13 млн тоннаны құрады. Негізгі үлес темір рудасына тиесілі. Қаңтар-мамыр айларында 7,7 млн тонна кен тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,5%-ға жоғары. Түсті кенді тиеу 6%-ға (3,2 млн тонна) өсті. Қостанай облысы-Қазақстанның негізгі астық өлкесі. Осы жылдың бес айында астық тиеу 9,8%-ға (936 мың тоннаға) артты. Бөлімшеге тәулігіне орта есеппен 430 мың тоннадан астам жүк түсіріледі. Кеңес барысында сондай-ақ, көктемгі комиссиялық тексеру және жазғы жағдайлардағы жұмысқа жылжымалы құрамды дайындау қорытындылары шығарылды. Арқалық, Құсмұрын, Жаркөл, Озерная, Челгаши, Талдыкөл станцияларының, Арқа, Железорудная, Тобыл техникалық қызмет көрсету пункттерінің, Қостанай локомотив пайдалану депосы мен Құсмұрын айналым депосының ұжымдары  тексеруді адал жүргізді. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Өндірістік персонал қызметкерлерін арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен, жеке қорғаныс құралдарымен, шамдармен, радиостанциялармен жабдықтау жақсарғаны атап өтілді. Қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайлары жасалуда. Жұмыс орындары мен тамақтану орындары салқындатқыштармен, тоңазытқыштармен, су диспенсерлерімен жабдықталған. Кеңес қорытындысы бойынша Қанат Көбесов тиісті тапсырмалар берді.