Атырау облысының батыс қақпасы саналатын Құрманғазы ауданындағы Ганюшкино станциясы Ресейдің Астрахань облысына жақын орналасқан. Қазір халықаралық пойыздар тоқтатылуына байланысты станция арқылы жолаушылар пойызы өтпейді. Ал бұрын Атырау-Астрахань, Москва-Душанбе, Москва-Ташкент, Саратов-Ташкент, Волгоград-Ташкент, Москва-Худжант сынды халықаралық пойыздар жүретін. Дегенмен, 50 орынға шақталған Ганюшкино вокзалы қалыпты жұмыс жасап тұр. Жолаушылар қалаған бағытына билет ала алады. Дегенмен, шалғайдағы бекет халқының айтар назы көп, ауданға қатынау қиын, автожол жөнделіп жатыр, сондықтан халықтың сұранысы Атыраудан Д.Нұрпейісоваға дейін жергілікті жолаушы пойызын жүргізу мәселесі оң шешілісе дейді.