Маңғыстаулықтар қысылғанда қол ұшын созған ағайынға дән риза
Оқуға 2 мин
Түбек тұрғындары теміржолмен тегін жеткен шөпті алып, мәре сәре болуда. «Жоғында қараспаған, барында жараспайды», деген. Қазір маңғыстаулықтарға еліміздің әр өңірінен еріктілер бастап, билік қостаған көмек жетуде.
Бір қуантатыны, батыстықтар- дың басына күн туғанда қол ұшын созушылар қатары күнде көбеюде. Бұған дейін ҚТЖ жемшөпті жылдам жеткізуге қолдау білдірсе, таяуда еріктілер жинаған мал азығын тегін тасымалдауды қолға алды. Маңғыстаудағы күрделі жағдайға байланысты компания серіктестерімен бірге осындай әлеуметтік қолдауды жүзеге асырып отыр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің 17 шілдедегі ақпараты бойынша Маңғыстау облысына 33 вагон нығыздалған шөп темір жолмен жіберілген болатын. Қазір соның біраз бөлігі өңірдегі станцияларға түсіріліп, тұрғындарға таратылды. Тегін шөпті алғандардың қуанышында шек жоқ. Ұйымдастырушыларға алғысын жаудыруда.
– Тегін шөпті жеткізу бойынша тапсырма берілген күннен жүктің жеткізілуі, түсірілуі, бәрін қадағалаудамыз. Осы бақылау басталғалы оңтүстіктен 14 вагон шөп келіп, таратылды. Оның екеуі Жетібай, үшеуі Маңғыстау, төртеуі Өзен, екеуі Шетпе, үшеуі Бейнеу станциясына берілді. Қазір тағы 13 вагон түсірілуде. Бұл вагондардың оны Өзенге таратылуда. Қалған үшеуі Шетпе, Маңғыстау, Жетібай станцияларында түсірілуде. Тағы да 21 вагон жолда. 22-23 шілде күндері келе бастайды. Алдын ала жоспар бойынша бұл вагондар Бейнеу, Қарақия, Шетпе, Жетібай, Маңғыстау станцияларында тұйықтарға түсіріледі. Тұйықтар жекеменшікте. Дегенмен бұл тұрғыдан да ақысыз қызмет қарастырылып отыр, – дейді Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің Маңғыстау қосалқы бөлімшесі логистика бөлімінің бастығы Айбек Утеков.
Шетпелік Асылбек Мақсымов ақсақал 20 шілдеде жеткен вагоннан үлес тиіп, қолындағы азғана уақ жандығына азық тауып бергенге дән риза. «Қуаңшылықтың кесірінен қиналып отыр едік. Міне бүгін бес бау шөбімізді алдық. Тегін. Оңтүстіктегі ағайынға алғысымыз шексіз!» дейді ол.