Қазіргі таңда барлық локомотив пайдалану деполарында «Станциядағы маневрлік жұмыстар» атты айлық өтуде. Айлық 2 тамыздан басталып, 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Маңғыстау локомотив пайдалану депосының Бейнеу айналым депосы бастығының орынбасары Жеңісбек Қараевтың айтуынша, айлықтың мақсаты – маневрлік жұмыстар кезінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жетілдіру болып табылады.
– Айлық барысында машинист пен станция кезекшісі арасындағы сөз тізбектің қалай өтетіні және түнде жүргізілетін маневрлік жұмыстар тосыннан тексеріледі. Бұл тексерулер жоспардан тыс жасырын кестеге сай өткізіледі. Соның бірі 10 тамызда болды. Тексеруге депо басшылығы мен машинист нұсқаушылар қатысты. Жалпы маневрлік жұмыстар дегеніміз – жылжымалы құрамның станция аумағындағы пойыздардан бөлек қозғалысы, бірақ оның бір айырмашылығы маневрлік жұмыстар әдетте сұрыптау дөңестерінде, жартылай дөңестерде, парктерде және еңіс жолдарда жасалады, – дейді ол.
Айлық аясындағы тексерулер барысында локомотив бригадаларының ереже талаптарын орындауы, энергоресурстарды есепке алуы да назарға алынуда. Айналым депосында бүгінде барлығы 325 адам еңбек етеді, 124 машинист, 127 машинист көмекшісі.