Теміржолшыларды тағы бір рет ширата түскен айлық жақында ғана аяқталды. «Станциядағы маневрлік жұмыс» айлығы жұмыс орындарына аңдатпалар ілініп, маневрлік жұмыс кезінде орын алған қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылу себеп-салдары түсіндіріліп, нұсқаулық өткізуден басталды. Сондай-ақ осы тақырыпқа арналған техникалық сабақтар өтті, теміржолшылар жұмысына тосыннан тексерістер жүргізілді. Жоспардан тыс тексерістерді станция бастығы Бейнеу станциясының А паркінен бастады.
– Теміржол титтей де қателікті кешірмейді, оның арты апатты жағдайларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан теміржолшының қателесуіне болмайды. Соңғы кездері елімізде, шетелдерде болып жатқан оқыс оқиғалардан әр теміржолшы ой түйіп, өзінше қорытынды шығаруы тиіс. Себепсізден себепсіз теміржолда апат болмайды. Әр нәрсенің бір себебі бар. Сондықтан мына айлық шеңберінде жүзеге асырылған жұмыстар, өз міндетін орындау барысында кемшілікке бой алдырған қызметкерлерге шара қолданылып, тәртіптік жазаға тартылуы басқаларға да сабақ болары сөзсіз. Ол адам алдағы уақытта ондай жағдайды қайталамайтын болады, – дейді бұл туралы ақпарат берген Бейнеу станциясының бастығы Есет Хайруллин.
