Қазақстан темір жолында осы тақырыпта өтіп жатқан акцияның мақсаты – жергілікті тұрғындарды теміржол бойындағы қауіп-қатерден сақтандыру. Өткен сегіз айда теміржолда адам басу дерегі былтырғы жылдан он жағдайға азайғанмен, 53 рет қайталанған. Оның жиырма сегізі өліммен аяқталған. Пойыздың алдына мал шығуына байланысты машинистер 830 шұғыл тежеу жасаған. Акция 20-25 қыркүйек арасында жалғасады. Маңғыстауда желілік полиция қызметкерлері жол қозғалысында жоғарыдағыдай қауіп-қатерді сейілту бағытында осындай іс-шаралардың көмегі бар дейді.
– Акцияның бірінші күні Сай-Өтес станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері, теміржол мекемесінің өкілдерімен бірлесе теміржолға жақын орна- ласқан №10 бекеттегі тұрғындармен кездестік. Теміржолда белгіленбеген жерден өту, сақтық ережелерін қолданбау, жол маңына мал жаюдың зардабы туралы ескерттік. Оның салдары адам, мал үшін де, қозғалыс қауіпсіздігі үшін де қаншалықты қауіпті екенін түсіндірдік, – дейді бұл жөнінде мағлұмат берген Сай-Өтес станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы Нұрлыбек Рахметов.
Алда Баянды, Батыр, Сай-Өтес ауылдарына да осындай түсіндіру шаралары жүргізілетінін, теміржол бойындағы қоршаулардың да тексерілетінін жеткізді.