Жақында Қызылорда жол дистанциясы, желілік ішкі істер бөлімі қызметкерлері, «Теміржол» филиалы төрағасының орынбасары және ерікті теміржолшы жастардың қатысуымен рейд өтіп, оның барысында жаяу жүргіншілерге теміржолдан тек белгіленген өткелдерден ғана кесіп өту және сақтық шараларын қатаң сақтау ережелері түсіндірілді.
– Рейдке желілік полиция бөлімінің өкілдері қатыспаған жағдайда тұрғындардың теміржолшылар тарапынан айтылған ескертпелерді тыңдамай баса-көктеп жолды кесіп өтуі кездесіп тұрады. Яғни, біздің ескертуімізге құлақ аспау тұрғындар арасында белең алып, жылжымалы құрамдарға қауіп төндіретін жағдайлар жиі кездеседі. Дегенмен біздер топтанып шығып бейсауыт жүрген жүргіншілердің теміржол бойында абай болуы өзіне де, өзгелерге де зиянын тигізбеу керектігін ескертеміз. Осының нәтижесінде биылғы жылы тосын оқиғалар дистанция бойынша тіркелген жоқ. Алдағы уақытта да тұрғындарға теміржолдың қауіптілігі, оған зиян келтірушілердің қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізетін боламыз, – дейді жол дистанциясының инженері Майра Бадрақова.
Тұрғындармен жол бойында кездесіп, аумақтың қауіптілігін түсіндірген теміржол- шылар олардың өздері ғана емес, отбасындағы балалардың да жол бойында аса сақ болуы керектігін ескертті.