Қызылорда станциясында өңірдегі теміржол мекемелеріндегі кәсіподақ ұйымдарының төрағалары бас қосқан жиын өтіп, онда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сарапқа салынды. «Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің Қызылорда аймағы филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов, ұйымдардың салалық мекемелердегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға, еңбеккерлердің әлеуметтік тұрғыдан тиісті жеңілдікпен қамтылуына назар бөліп, кәсіподақ ұйымы белсенділерінің жүргізіп жатқан жұмыстарын оң бағалады.
– Бүгінгі басқосу кәсіподақтың кәсіби мерекесі шеңберінде өтіп отыр. Кәсіподақтың жұмысы оңай емес. Мекеме басшысынан көмек күткен жұмысшы болсын, зейнеткер болсын айналып келіп кәсіподақ ұйымына жүгінеді. Олардың сан алуан мәселесін шешуге немесе сұранысын қанағаттандыруға кейде ұйымның қауқары жете бермейді. Дегенмен, біздер мүмкіндігінше оңтайлы жолын табуға тырысуымыз керек, адамдармен ашық әңгіме жүргізіп, мән-жайды еппен түсіндіруіміз керек. Ол үшін өзіміз жұмыс беруші мен жұысшы арасындағы байланыстырушы ұйым ретінде Еңбек заңын, Ұжымдық келісімшартты жетік білуіміз керек, білмегенімізді бір-бірімізден сұрап, тәжірибе алмасу керек. Бүгінгі басқосу мақсаты да осы. Алда қыс маусымы келе жатыр. Оған дайындық қалай, теміржолшылар маусымдық киіммен қамтылған ба, екпе алу, мекемелердегі оңтайландыру жұмыстары кезінде жұмысшылардың құқығының сақталуы, міне, осы мәселелер күн тәртібінде қадағалану керек, – деп қатысушыларға кеңес берді Бауыржан Ахметов.
Жиында сөз алған Қызылорда, Қазалы белгі беру және байланыс, Қызылорда жол дистанцияларының кәсіподақ ұйымдарының төрағалары өз ұжымдарында атқарылған жұмыстарымен қатар ұйымға келіп түскен ұсыныстар туралы баяндады.