Мемлекеттік «Молдова темір жолы» (МТЖ) компаниясын екі бөлек акционерлік қоғамға айналдыру жоспарлануда. Бұл туралы Молдованың инфрақұрылым министрі Владимир Боля мәлімдеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.  

Оның айтуынша, қазіргі басқару жүйесі көп шығынға әкелуде, ал компанияны бөлу жұмысты оңтайландыруға мүмкіндік береді.

«Инфрақұрылым – бұл мемлекет инвестиция салып, субсидиялайтын стратегиялық элемент. Ал теміржол жүк тасымалы бәсекеге қабілетті болуы тиіс», – деп атап өтті Боля Moldova 1 телеарнасының эфирінде.

Компанияны қолдау мақсатында үкімет МТЖ-ға мемлекеттік резервтен дизель отынын бөліп, 4,8 мың қызметкердің жалақысын төлеуге көмектескен.

МТЖ-ның қаржылық қиындықтары 2009 жылы басталды, себебі жүк тасымалы көлемі азайған. 2024 жылы елдегі жүктердің тек 4%-ы ғана теміржол арқылы тасымалданыпты. Дағдарыстың негізгі себептері – ескірген инфрақұрылым, инвестицияның жетіспеуі және кәсіпорындардың автокөлікке көшуі.

Билік теміржол арқылы жүк тасымалын арттыру шараларын қарастыруда, өйткені теміржол көлігі экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді деп есептеледі.