Өңір темір жолындағы өнімді істер. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің басшысымен сұхбат

Сұхбат
23.11.2018, 13:35


Темір жол – ел экономикасының күретамыры, тәуелсіз мемлекетіміздің іргелі бір саласы. Бүгінде болат жолдың бойында сала дамуына серпін беретін талай жұмыстар жасалып жатыр. Атырау жүк тасымалы бөлімшесі де он айда өнімді еңбек етіп, жылды табысты қорытындыламақ. Жуырда бөлімше басшысы Ихлас Абаевпен кездесіп, саладағы жасалған жұмыстар жөнінде сұхбаттасқан едік.

-  Ихлас Жоламанұлы, Атырау өлкесі бойынша теміржолшылар қолымен жасалып жатқан жасампаз істер баршылық екен. Биылғы жылдың он айында жеткен жетістіктеріңізге, жалпы аймақ темір жолының бүгінгі тынысына тоқталып өтсеңіз. 

– Атырау темір жол бөлімшесі – еліміздің батысындағы ірі кәсіпорын саналуымен бірге, Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуда стратегиялық маңызға ие болып отыр. Атқаратын жұмыс көлемі бойынша 1-ші категорияға жататын, аумағы да, ауқымы да кең, соған орай жұмыс көлемі де үлкен әрі күрделі бөлімше. Мұнайлы өңір болғандықтан, еліміздегі ең үлкен мұнай компаниялары да осында шоғырланған, соған орай жүк көлемінің 70-80 пайызын мұнай және мұнай өнімдері құрайды. Қара алтынның кені, бүгінде ірі өндіріс ошағы саналатын Атырау өңірінің ел экономикасына қосып отырған сүбелі үлесінде өлке темір жолының алатын орны ерекше. Әсіресе, мұнай және мұнай өнімдері, басқа да жүк тасымалы бойынша бөлімше алдыңғы лектен көрініп келеді. Сонымен қатар, Атырау өңірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аймағы ретінде де қомақты орын алады. Мұнда қазір 400-ден аса шетелдік компания еңбек етеді.Темір жол тасымалы арқылы атыраулық теміржолшылардың Қазақстан темір жолына келтіріп отырған пайдасы да қомақты. Өндірістік жұмысты орындау технологиясы, еңбек қорғау ережесі және қауіпсіздік техникасының талаптары қатаң сақталады. Бөлімше өндірістік-қаржылық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін ҚТЖ бойынша салалық жарыстың жеңімпазы атанып, 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 1-ші орынды иеленді. Екінші, үшінші тоқсан бойынша да жетістігіміз төмен болған жоқ.

– Бөлімшеге қарасты станция-бекеттердің пойыздарды өткізу қабілеті қаншалықты қуатты деп айтуға болады?

– Бөлімше бойынша 50-ге жуық ірілі-ұсақты станциялар мен разъездер, құрылымдық бөлімшелер бар, оларда жеті мыңға жуық адам еңбек етеді. Пойыздар өткізу қабілеті орташа есеппен алғанда тәулігіне 19-дан 28 жұп пойызға дейін. Солардың ішінде биыл Мақат станциясы – «кластан тыс» станция, ал Теңдік станциясы «ІІІ класты» станция тізбесіне енгізілді. Яғни, 2016-2017 жылдар қорытындысы бойынша бөлімшеде жүргізілген қайта есептеуге сәйкес аталған екі станцияның дәрежесі жоғарылады. Мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында жоспарлы техникалық сабақтар үнемі жүргізілуде. Сонымен қатар түрлі жағдайлар мен оқыс оқиғаларға байланысты жеделхаттар уақтылы оқытылып, келесі кезекте мұндай жағдайлардың қайталанбау мақсатында жұмысшылардың білім деңгейін көтерудеміз. Техникалық сабақ барысында қысқаметражды бейнероликтер, ситуациялық схемалар міндетті түрде жұмысшылар назарына ұсынылады. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда бөлімшенің өзінде үш мыңға жуық адам қызмет етеді, ұжым қызметкерлерінің тарапынан еңбек және технологиялық тәртіпті бұзу оқиғасы тіркелген емес.

  – Саладағы ең басты көрсеткіш жүк тасымалының айналымы екені белгілі. Аймақтағы тасымал тасқыны қалай? 

– Жүк көлемі негізінен мұнай және мұнай өнімдері арқасында орындалып отыр. Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша 2018 жылдың 10 айында пайдаланым жүк айналымы 7783,3 млнткмнеттоны құрап, жоспар 101 пайызға орындалды. Жалпы, бөлімше барлық 16 көрсеткіш бойынша озық шығып, жоспарды жүз пайыздан артық орындап келеді. Жоспардың артығымен орындалуына вагондардың жүк паркін сапалы пайдалану, жүк вагондарының өнімділігін, жүрісін арттыру, т.б. жағдайлар ықпал етті. Мәселен, пайдаланым жүк айналымының артуымен қоса, жүк тиеу – 105%, жүк вагоны өнімділігі – 103,6%, вагонның орташа тәуліктік жүрісі – 102,3%, вагонның статистикалық салмағы – 100,6%, бір жүк операциясына вагонның тұруы – 109,4%, локомотив жүрісі – 100,6%, өнімділігі – 101,4%, пойыздың учаскелік жылдамдығы – 100,2%, пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы – 100,2%, пойыздың орташа салмағы 100,8% болып, жоспар артығымен орындалды. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Тасымал тасқынын жақсарту үшін соңғы жылдары аймақта бес разъезд ашылды, бөлімшенің «жүрегі» Мақат станциясындағы сұрыптау дөңесі реконструкцияланды. Ақжайық және Теңдік станцияларының қуатын арттыру бағытында да біраз жұмыстар атқарылды. Қайта жаңғырудан өткен Теңдік станциясы үлкен әлеуетке ие болды. Атырау мұнай өңдеу зауытымен қоян-қолтық жұмыс істейтін станцияның қуатын арттыруды да компания басшылығы бастама етіп көтерген болатын, нәтижесінде оң шешілді. Станцияларда бұрмаларды түгел автоматтандырдық, осындай бөлімшенің жүк өткізу қабілеті мен техникалық қуатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде вагондарды қабылдау-жөнелту тездетіліп, жұмыс та жеңілдеді.

– Қозғалыс қауіпсіздігі – теміржолдағы ең басты қағида. Бұл бағыттағы жұмыстарды жақсартуда қандай жетістіктер бар?

– Иә, дұрыс айтасыз, темір жол – үлкен сала, бөлшек-бөлшек құрылым, бірақ бәрінің де негізгі міндеті – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соның ішінде, жолдың сапалы жөнделуі жүк және жолаушылар пойызының қауіпсіздігі мен жылдамдығына да жағымды ықпал ететіні анық. Жоспар бойынша 2018 жылға аймақта 29,26 км жол күрделі жөндеуден өтуі тиіс болып бекітілді. Соның ішінде Атырау жол дистанциясына қарасты 496-Теңдік, Таскескен-Қарабатан, Атырау стансасының 3-3А жолдарына 12,90 шақырым жолға күрделі жөндеу жасалып, олар түгелдей аяқталды. Ал Құлсары жол дистанциясы бойынша 16,95 км жол салу керек болып, ст.Бейнеу-рзд.460 аралығында 1039-1057 км жол аралықтарының ескі темір жолы түгел алынып, орнына неміс технологиясымен жасалған қапсырмалы темірбетонды шпалдар салынып бітті. Мердігер мекеме – «Integra Construction» ЖШС. Биылғы күрделі жөндеу жұмыстары түгел орындалып, ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары да жүргізілді, қажетті жерлерде шпалдар ауыстырылып, рельстер жаңартылды. Өткен он айда бөлімшеде қозғалыс және еңбек қауіпсіздігін бұзу оқиғалары немесе өндірістік жарақат алу тіркелген жоқ.

– Пойыздар қозғалысын қамтамасыз етуде электрмен жабдықтау, байланыс дистанцияларының да маңызы зор, олардағы жұмыстар қалай жүргізілуде?

– Маңғышлақ-Бейнеу-Оазис-Мақат-Атырау-Ақсарай учаскелерінде ұзындығы 1196 км құрайтын диспетчерлік орталықтандыру қондырғысы түбегейлі жаңартылды. Мұнда да байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып, еңбек үдерісінің үдеуіне жағымды ықпал етуде. Байланыс және белгі беру дистанцияларында байланыспен қамтамасыз ету жағына аса көңіл бөліп, ескі байланыс құрылғыларын жаңа үлгідегі, озық технология талаптарына сай жүргізуге көшті. Сондай-ақ, талшықты-оптикалық байланыс желісі (ВОЛС) кабелі жүргізіліп, байланыс айтарлықтай жақсарды. Ақпарат беру жеделділігі әлдеқайда артты, әсіресе, мәліметтер беру желісі арқылы. Сондай-ақ, барлық аймақ бойынша DX-500 арқылы телефон байланысы орнатылды. Ол арқылы халықаралық сөйлесулер коммутатордың қосуынсыз немесе «8» байланыс нөмірінсіз мүмкін болды, яғни сөйлесулер жедел әрі тегін. Электр дистанциясы бойынша Аққыстау станциясында жаңа қосалқы станция салынды, соған орай жыл аяғына дейін әуе желілерінің тіректері орнатылады. Ол өз кезегінде темір жол нысандары мен төңіректегі аудан тұрғындарына да сапалы электр қызметін ұсынбақ. Биыл вагон шаруашылығына 85 жыл толуына орай, ақау тапқан 30 вагон қараушыға еңбектері бағаланып, мерейтойлық медаль табыс етілді. Сонымен қатар, Атырау №1 вагон пайдалану депосында оқу-жаттығу полигоны ашылды. Депода әр бейсенбі сайын болатын теориялық сабақтан кейін мамандар жаңа оқу-жаттығу полигонына барып, сол жерден практикалық тәжірибеден өтеді. Бұл полигонның ашылуы өндірістік көрсеткіштердің артуына үлкен септігін тигізеді.

– Өңірде локомотивтердің әлеуеті талапқа сай ма?

– Пойыздар қауіпсіздігі, жүк және жолаушыларды тасымалдауға Атырау локомотив пайдалану және Мақат локомотив пайдалану деполарының атқарып жатқан еңбектері орасан зор. Жоғарыда аталған екі ұжым локомотивпен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың межеленген жерлерге жетуіне, локомотивтерге сапалы жөндеу жүргізетінін атап өтуге болады. Атырау депосында 11 ТЭМ-2 маневрлі локомотив, 8 2ТЭ10МК локомотив, соңғы үлгідегі кешенді қозғалтқышпен жабдықталған бір ТЭ33А локомотиві қызмет көрсетуде. Мақат депосында 7 ТЭМ-2 маневрлі локомотив, 12 2ТЭ10МК локомотив пойыздар тасымалына өз үлестерін қосуда. 2018 жылдың 10 айы бойынша локомотивтердің жұмыс өнімділігі жоғарғы қөрсеткіштерді бағындырды. Локомотивтердің пайдалану паркі 2017 жылмен салыстырғанда – 102,2%, техникалық жалдамдық – 100,2%, учаскелік жылдамдық – 100,4%, жүк пойызының орташа салмағы – 100,1%, локомотив өнімділігі – 101,6%, локомотивтің жүрісі 100,7% орындалды. Айта кетерлігі, локомотивтеріміз бұрын тек Сағызға дейін барса, енді Қандыағаш станциясына дейін барады. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «ЖТ Атырау бөлімшесі» филиалында басқарылатын барлық локомотивтер (барлығы 56, оның ішінде 21 маневрлік, 15 жолаушылар, 20 жүк локомотивтері) автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған.

– Теміржолшылар міндетіне жүк тасымалынан бөлек жолаушы тасымалы да кіреді. Бүгінде жолаушылар пойыздарының халыққа қызмет көрсету жағдайы қалай?

– Атырау станциясында 12 жолаушылар пойызы, оның ішінде «Куляб-Мәскеу», «Ташкент-Волгоград», «Душанбе-Мәскеу», «Ташкент-Үргеніш-Саратов», «Худжанд-Мәскеу» транзиттік пойыздары, «Атырау-Құлсары» жұмысшы пойызы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қарасты «Атырау-Алматы» (Тальго вагондарынан құралған), «Атырау-Астана-Нұрлыжол», «Атырау-Алматы-1», «Атырау-Астрахань», «Атырау-Маңғыстау», «Атырау-Ақтөбе» пойыздары өтеді. Әрине, жаз мезгілінде жолаушылар нөпірі артатыны белгілі. Соған орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінде Атырау-Астана, Атырау-Алматы, Атырау-Астрахань, Атырау-Ақтөбе және Атырау-Маңғыстау бағыттары бойынша вагондар санын арттырып, қосымша әр бағытқа кем дегенде 4 вагоннан қосылып отырды. Бүгінде Атырау телімінің пайдаланатын паркі 136 вагонды құрайды, өзінің құрылымында 4 жолаушылар пойыздары бар. Атырау аймағы бойынша 9 бекетте «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 12 билет кассасы жұмыс жасайды, оның ішінде Атырау вокзалында 4 касса (3 касса тәулік бойы қызмет көрсетеді), сонымен қатар, 10 агенттік билет кассасы орналасқан. Вокзалдар туралы айта кетер болсақ, Құлсары вокзалы жаңадан салынып, Сағызда келесі жылға жоспарланып отыр. Атырау-Астана бағытында тоқтатылғанымен, Атырау-Алматы аралығына «Тальго» пойызы жүреді. Сағатына 140 км жылдамдықпен жүретін жүрдек пойыз үшін Атырау-Сағыз аралығындағы рельстерді, олардың төсемдерін жаңартып, жаңа техникалар күшімен ұзындығы екі шақырымдық рельстер төселіп, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Атырау-Астана бағытында жүретін «Каспий» жолаушылар пойызының да жылдамдығы артты, онда жаңа вагондар қолданылады. Екі шақырымдық плеттер төсеу арқылы осы екі бағытта қатынайтын пойыздың жылдамдығы екі есеге жуық артты. Вагондарды жаңарту бағытында келер жылы Атырау теліміне Тверь зауытынан шыққан 25 су жаңа вагон алмақшымыз. Бұл да жолаушылар игілігі үшін жасалып отырған қадам.

– Қазіргі талап бойынша озық технологияларды өндіріске енгізу жаппай қолға алынуда, осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Темір жол – қашанда бір орнында тұрып қалмайтын, компанияның салалық бағдарламалары арқасында үнемі жаңару мен жақсаруды бастан кешіп келе жатқан сала. Атырау бөлімшесі де тың бастамалардан кенже қалып көрген жоқ. Бүгінде темір жолға жаңа технологиялар енгізілуде, инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. ҚР Президентінің «Қазақстанды үшінші жаңғырту: жаһандық бәсекеге қабілеттілігі» Жолдауына сәйкес «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Цифрлық теміржол» стратегиясын әзірледі. Стратегия Компанияның бизнес моделін цифрландыруды және барлық негізгі операциялық сегменттерге жаңа технологияларды енгізуді қарастырады: жүк және жолаушылар тасымалы, инфрақұрылым және көліктік логистика, АТ дамыту және басқару үшін үздік әлемдік стандарттар мен практиканы қолданады. Қазіргі сәтте «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ клиенттердің клиентке бағдарлануын жақсарту, тұтынушылармен өзара әрекеттесудің сапалы жаңа деңгейіне жету үшін автоматтандырылған басқару жүйесін пайдаланады, олар «Келісімшарттық және коммерциялық жұмыс» автоматтандырылған басқару жүйесі (АБЖ ДКК) және АСУ ДКР жүйесі құжаттарды ресімдеуді азайтуға, тауарларды жіберу және тасымалдау процесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «ЖТ Атырау бөлімшесі» филиалында 16 станция АСУ ДКР жүйесіне қосылған. Электр энергиясын және дизельді отынды тұтынуды есепке алу, бақылау және талдауда бизнес процестерді кешенді автоматтандыру үшін локомотивтер «Энергиямен жабдықтау пакеті» автоматтандырылған басқару жүйесін (АСУ ЭДТ) пайдаланады. Пойыздың жұмысын жедел басқару және басқару аймақтарындағы жедел жағдайды көрсету үшін, жекелеген бағыттар және тұтастай алғанда орындалған пойыздар қозғалысы кестесінің автоматтандырылған жүйесі (ГИД Урал) де енгізілуде. «ҚТЖ» АҚ бойынша «ГИД Урал» жүйесіне 7 станция мен 70 абонент қосылған. Биыл бөлімше бойынша Атырау-Исатай диспетчерлік телімінде пойыз қозғалысын қағазсыз жоспарлау технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Электрондық құжат айналымы, сондай-ақ, SAP жүйесі де енгізілуде. Бұлар басқа құрылымдық бірліктермен байланысты айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ, Мақат-Сағыз учаскесінде АСДЦ «Ақтөбе» атты автоматтандырылған жаңа диспетчерлік орталығы іске қосылуда. Жалпы, бөлімшеде жаңашылдықтың белең алу қарқыны жақсы.

– Бөлімше бойынша алдағы уақытта тасымал тасқынын арттыруда қандай жоспарларыңыз бар?

– Жүк тасымалының көлемiн көбейту мұнай және химия өнімдеріне байланысты дедік қой. Сол бағытта «Атырау мұнай өңдеу зауытында» мұнай өнімдерін қалдықсыз өндіру құрылғысы пайдалануға берілуіне байланысты 2018 жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап Теңдік станциясынан мынадай жаңа өнiмдерді көбейтіп шығару жоспарланды: бензол – 68 173 тонна, параксилол – 224 379, пеш отыны – 45 000, қара май – 1 173 713, вакуум газойль – 381 108, кокс – 116 025, автобензин - 945 055, дизель отыны – 1 446 833, отын реактиві – 22 000 тонна. Қарабатан станциясындағы «Болашақ» зауытында түйіршіктелген күкірт өнімінің көбеюіне байланысты 2018 жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап ай сайын Лужская бекетіне 60 жартылай ашық вагон құрайтын 28 маршрут тиелуде. Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жобасы аясында Теңдік станциясының мұнай өнімдерін өткізу қабілеті артты. Аталған жобаға байланысты зауыт 2021 жылға дейін ашық түсті мұнай өнімдері: автобензин, дизельдік және реактивті отын көлемін арттыруды көздеп отыр. Соған сәйкес бүгінгі күні ашық түсті цистерналарға деген сұраныс артуда. Тағы бір мәселе, «Нұрлы жол» бағдарламасына сайкес, республикалық Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолы – Аққыстау станциясы маңынан өтіп жатқан жол. Келер жылы Сағыз-Мақат автожолын салу жоспары тұр. Соған орай келетін барлық жүк түрлері пойыз арқылы тасымалдануда. Бұл да бізге тиімді болып тұр.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Қосұйым Мұқашев, Атырау

Суретті түсірген автор


Жаңалықтар
25.04.2024
Қазақстан трансауған темір жол құрылысына қатысуға дайын
Спорт
25.04.2024
Маңғыстауда еңбекті қорғау күніне орай турнир өтті
Станция тынысы
25.04.2024
Су басу: қауіптің беті қайтты
Әлеумет
25.04.2024
Теміржолшылар ҰОС ардагеріне шипажайға жолдама сыйлады
Қауіпсіздік
25.04.2024
Ақау тапқан вагон қараушы марапатқа ұсынылды
Аймақтар
25.04.2024
Ақтөбедегі теміржолшылар музейі тұтас бір дәуірді көз алдыңа әкеледі
Жаңалықтар
25.04.2024
ҚТЖ локомотивтерін жазғы тасымалға дайындауда
Жолаушылар тасымалы
24.04.2024
ҚТЖ жолаушыларға сапарларын алдын ала жоспарлауды ұсынады
Жаңалықтар
24.04.2024
Салалық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары ҚТЖ-да біліктілігін арттырды
Цифрландыру
24.04.2024
Көлік министрлігінде теміржол саласын цифрландыру мәселесі қаралды
Әлемде
24.04.2024
Қытай темір жолдары бірінші тоқсанда миллиардтан астам жолаушы тасымалдады
Темір жол тарихы
24.04.2024
Қазақстан темір жолына 120 жыл. Тәуелсіздік жылдары еңсерілген белестер
Қауіпсіздік
23.04.2024
Ақтөбе теміржолында 90 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Қауіпсіздік
23.04.2024
Теміржол аумағында терроризм акті жасалған жағдайда қалай әрекет ету керек?
Аймақтар
23.04.2024
Жол жиегі күлтөкпеге айналып барады
Станция тынысы
23.04.2024
Студенттер Тараз станциясына экскурсия жасады
Аймақтар
23.04.2024
Семейлік теміржолшылар жылыту маусымын қорытындылады
ҚТЖ келбеті
23.04.2024
Қандыағаш станциясының жетекші инженері еңбек қорғау инспекторы төсбелгісімен марапатталды
Аймақтар
23.04.2024
Атырау облысында су тасқынына қарсы шаралар жалғасып жатыр
Аймақтар
23.04.2024
Технология шапшаң дамығанымен білікті машинистке деген сұраныс жоғары