Жамбыл өңірінде пойыз қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты 8 заңбұзушылық анықталды

Қауіпсіздік
09.07.2025, 09:36
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

«Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Жамбыл учаскесі бойынша ревизия аппаратының жүргізген тексерулерінің қорытындысы бойынша Жамбыл жүк тасымалы және Магистральдық желі бөлімшелеріне қарасты құрылымдарда биылғы бес айда қозғалыс қауіпсіздігін бұзуға жол берілген 8 жағдай анықталған.    

Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш екі оқиғаға төмендегенімен, қозғалыс шаруашылығында бұл көрсеткіш артқан. Жүргізілген талдау-сараптаулардың нәтижесі құрылымдық бөлімшелерде қозғалыс қауіпсіздігін сақтау шараларына бақылау төмендегенін көрсетіп отыр.  

«Қадағалаудың тиісті деңгейде болмауынан шаруашылықтарда қозғалыс қауіпсіздігінің жай-күйі ай сайын нашарлаған», – дейді ревизорлар.    

Жамбыл аймақтық бас ревизор Медет Қолдасов жыл басынан бастап қозғалыс қауіпсіздігі мәселелері бойынша 325 тексеру жүргізіліп, 2 559 сәйкессіздік анықталғанын, 467 тыйым салынған және шектеу сипатындағы шаралар қабылданғанын атап өтті.  

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде 19 локомотив, 89 жүк вагоны, 2 арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам пайдаланудан шеттетілді. Жабық 44 станциялық жолдың және 31 бағыттамалы бұрманың қозғалысы үшін қозғалыс жылдамдығы 163 шақырымға шектелді. Жүк тасымалы мен Магистральдық желі бөлімшелері тарапынан профилактикалық іс-шаралар тиісті деңгейде жүргізілуі тиіс. Орын алған жағдайлар қауіпсіздік шараларының сақталмағанын көрсетеді. Шу, Жамбыл станциялары мен локомотив пайдалану деполарының басшылары қозғалыс қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты станция, сұрыптау дөңестері бойынша кезекшілер, пойыз құрастырушылар, сигнал берушілер және локомотив бригадалары жол беретін өрескел жүйелік бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдамаған. Соның салдарынан, атап айтсақ, Бірлік-1, Көктас, Құмшағал, Түрксіб станцияларында жиі қайталанатын бұзушылықтардың кесірінен бағыттамалы бұрмалардың кесінділері «басқарылмайтын» күйде қалып отыр, – дейді Медет Қолдасов.

Ревизорлық аппарат орын алған жағдайлардың негізгі себебі сала қызметкерлері мен жұмысшылардың техникалық білімінің төмендігі  екенін алға тартады. Бұған желілік және өңірлік деңгейдегі басшылардың әкімшілік және техникалық шаралар қабылдамауы, қозғалыс қауіпсіздігін бұзу тәуекелдерінің дер кезінде анықталмауы, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін іске асыру бойынша профилактикалық жұмыстар мен бақылау жүргізілмеуі тікелей әсер етіп отыр.

– Ал теміржолда орын алған жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – автокөлік жүргізушілерінің жол жүру ережелерін сақтамауы. Жүргізушілер өткелдегі дабылдарға қарамай, жолды кесіп өтуге асығады. Салдары пойыздар мен машиналардың қақтығысына әкеліп соғуда. Нәтижесінде жолаушылар жарақат алады, локомотивтердің зақымданады, пойыздар кестеден кешігеді.  

Жамбыл бөлімшесіне қарасты жол жағдайы жаман емес, пойыздардың, оның ішінде «Тальго» вагондарынан құрылған жолаушылар пойыздары үшін жоғары жылдамдық белгіленген. Олар өз конструкциясы бойынша жеңіл болғанымен, жол-көлік оқиғалары орын алған жағдайда салдары ауыр болуы мүмкін. Біз осыны ескеріп, автокөліктің қарқынды қозғалыс орындарында орналасқан күзетілмейтін теміржол өткелдері арқылы пойыздардың жүру жылдамдығын 140 км/сағаттан 40-60 км/сағатқа дейін төмендету мәселесін қарастыруды ұсындық.  

2022 жылғы 1 қарашадағы қайғылы оқиға көпшіліктің әлі есінде. Тараз – Шу учаскесінің 3 674 шақырымындағы «Қорағаты-Тәтті» аралығында күзетілмейтін, реттелетін теміржол өткелінде №78 «Маңғыстау-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына «Ауди-100» маркалы жеңіл автокөлігі қақтығысып, жол апаты орын алды. Көліктегі 6 адам қайтыс болды.

Биылғы маусым айында бірнеше оқиға орын алды. Локомотив бригадалары жол-көлік оқиғаларының алдын алмаса, салдары қалай боларын болжаудың өзі қиын... Таратып айтсақ, № 34 жолаушылар пойызының машинисі Аспара – Шу аралығының 3730 шақырымында тура өткел үстінде трактордан ажырап қалған тіркемеге жеткізбей құрамды шұғыл тоқтатып үлгерді. Дәл осы күні №86 жолаушылар пойызының машинисі де қырағылық танытып, тағы бір апаттың алдын алды. Ал 13 маусымда Аспара – Шу аралығының 3 730 шақырымында орналасқан күзетілмейтін, реттелетін теміржол өткелінде сағатына 58 шақырым жылдамдықпен келе жатқан № 2057 жүк пойызының машинисі өткел үстінде моторы өшіп қалған «Камазға» 50 метр жетпей, локомотивті шұғыл тоқтатып үлгерді. Міне, бір айдың ішінде, араға апта салып, 3 бірдей оқиға орын алып отыр, – дейді аймақтық бас ревизор.  

Бұл ретте әрине машинистер қырағылығын ерекше атап өткен жөн. Дегенмен, бас ревизордың пікірінше, осы оқиғалар қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда профилактикалық іс-шараларды күшейту қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар теміржолшылар жауапкершілігін арттыру қажет. Кадрларды кәсіптік талаптарға сай жасақтау және қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты мамандарды, лауазымдарды кәсіби іріктеуі керек.  

– Еңбек және технологиялық тәртіпті нығайту, қызметкерлердің техникалық білім деңгейін арттыру және тағы басқа да міндеттердің орындалуы қатаң қадағалануы тиіс.Тәртіп пен талап бар жерде – жүйелі жұмыс бар, – дейді бас аймақтық ревизор Медет Қолдасов.

 

Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ темір жол инфрақұрылымын қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындауда
Қауіпсіздік
10.09.2026
Мұнай қоймасынан өрт шықты
Әлемде
10.09.2026
Еуропадағы ең үздік 10 теміржол вокзалы
Әлемде
10.09.2026
InnoTrans 2026 көрмесінде 120-дан астам теміржол көлігі таныстырылады
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ локомотив паркі 159 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.09.2026
Тоқаев Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыру міндетін атады
Жаңалықтар
09.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
09.09.2026
Көлік нысандарында есірткі қылмысына қатысы бар 7 шетелдік анықталды
Жаңалықтар
09.09.2026
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 8 айда 22%-ға өсті
Жүк тасымалы
09.09.2026
АҚШ-тан Қазақстанға контейнерлік жүк тасымалы ұйымдастырылды
Инфрақұрылым / Инфографика
09.09.2026
ҚТЖ 5,5 мың шақырым темір жолды жаңартты
Әлемде
09.09.2026
CAF-тың гибридті пойызы аккумулятор қуатымен 273 шақырым жүріп өтті
Жаңалықтар
08.09.2026
ҚТЖ және Грузиядан келген серіктестер ТХКБ-ны дамыту барысын талқылады
Жаңалықтар
08.09.2026
Көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет
Цифрландыру
08.09.2026
ҚТЖ пойыздарында спутниктік интернетті ауқымды енгізу жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтар
08.09.2026
Тіл мерекесі ұлықталды
Жолаушылар тасымалы
08.09.2026
Жолаушылар тасымалының үздік ұжымы
Аймақтар
08.09.2026
Жасөспірімнің әрекетінен электровозға 500 мың теңге залал келді
Қауіпсіздік
08.09.2026
Семейлік теміржол күзеті желі бойындағы бақылауды күшейтті
Спорт
08.09.2026
«Қазтеміржолкәсіп-2026»: Қызылорда командасы финалда