Қанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ: «Шиеленісті жағдайды уақытылы шешуге мүдделіміз»


«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
«ҚТЖ» ҰК» АҚ – еліміздегі ірі жұмыс беруші компания. Сондықтан 110 мыңнан астам адам еңбек ететін теміржол саласында әртүрлі көзқарас-пікірлердің, түрлі түйткілді мәселелердің туындауы заңдылық. Тіпті кейде компанияның мүддесін өзге ұйымдар, клиенттер, тағы басқа да органдар алдында қорғауды қажет ететін жайттар туындап жатады. Әрине ауқымды мәселелермен айналысатын компанияның тұтас бір заңгерлерден тұратын департаменті де бар. Алайда, көптеген даулы жағдайды шұғыл шешуге мүдделі компанияда тағы бір лауазымды тұлға бар. Ол – корпоративтік омбудсмен. Біз бүгін осы қызметтің тізгінін 2025 жылдың ақпанында ұстаған Қанат Әлмағамбетовпен әңгімелесіп, омбудсмен қызметінің мән-жайы, атқарып жатқан жұмыстары туралы білдік.
– Қанат Есмұханұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Әңгімемізді Компанияның корпоративтік омбудсменіне жүктелетін мақсат-міндеттерден бастасақ. Бұл лауазымдық қызмет не үшін керек?
– «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның корпоративтік омбудсмен институты, Қоғамның Директорлар кеңесінің шешімімен 2013 жылдың 22 қазанында енгізілді. Бұл лауазымдық қызмет не үшін керек? Білесіз, ҚТЖ үлкен компания, сондықтан омбудсменнің бірінші міндеті Компания мен еңбеккер, Компания мен клиент қарым-қатынасы бағытындағы шиеленісті жағдайларға әкелетін факторларды уақытылы анықтап, дау-жанжалдардың алдын алу болмақ. Екінші міндет, осы аталған бағыттарда егер түсінбеушілік немесе даулы жағдайлар туындаған жағдайда оны ресми емес әдіс-тәсілдермен, яғни құқыққорғау және өзге де мемлекеттік билік және басқару органдарының қатысуынсыз шешу, сондай-ақ кеңес және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Үшінші міндет – компания имиджін көтеру. «Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» дегендей, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында әділ шешімнің болуына, ал клиенттер алдында компания имиджін түсірмей сақтап қалуға әрекет ету – біздің міндетіміз.
– Сіздің корпоративтік омбудсмен болып тағайындалғаныңызға аса көп уақыт бола қоймады. Алайда, сіз бұл қызмет тізгінін ұстаған сәттен бастап ел өңірлерін аралай бастадыңыз. Шыны керек, бұрынғы омбудсмендер тарапынан мұндай белсенділікті байқай қоймадық. Сіздің өңірлерге шығуыңызға не себеп?
– Иә, дұрыс айтасыз. Мен омбудсмен лауазымына кіріскен бойда ел өңірлерін аралап, теміржолшылармен кездесіп, сөйлесуді жөн көрдім. Алғаш барған өңірлерім Көкшетау, Павлодар болды, өкінішке орай, көп адам омбудсмен қызметі және оның немен айналысатынын, қандай мәселелерді шеше алатынын білмейді екен. Сондықтан біздің бірінші міндетіміз теміржол мекемелері ұжымдарымен кездесіп, корпоративтік омбудсмен институтының жұмысынан хабардар ету болды. Өйткені, туындайтын мәселе басшылар арасында емес, басшылар мен олардың қарамағындағы қызметкерлері арасында болып отыр. Егер статистикаға жүгінетін болсақ, 2025 жылдың бірінші тоқсанында корпоративтік омбудсмен аппаратына 25 өтініш келіп түсті, былтыр осы мерзімде 105 өтініш болатын, биыл бұл көрсеткіш 80 бірлікке азайып отыр. Өткен жылдары адамдардан жалақыны өсіру, қосымша үстемақы төлеу немесе олардың мөлшерін көбейту сияқты мәселелер бойынша шағым көп түсті. Қазір бұл мәселелерге қатысты шағымдар сап тыйылмаса да, күрт қысқарды. Не себептен? Біріншіден, Компания тарапынан 2024-2025 жылдары еңбекақыны көтеру, Еңбекке қатысу коэффициенті бойынша көтермелеу жүйелерін енгізу, сондай-ақ ел өңірлеріндегі теміржол кәсіпорындарында түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шағым азайып отыр. Келесі бір шағым, еңбеккерді әділетсіз жазалады немесе жұмыстан қуды деген мәселелер бойынша, яғни заңды белден басу сияқты фактілердің белең алуына қатысты болатын. Бұл түйткілді мәселелерге қатысты да шағым жоқтың қасы. Демек, бұл дегеніміз Компанияның заң, кадр қызметі жақсы жұмыс істеп, тәртіпке келтіре білген. Неліктен заң қызметі дейтін болсақ, әдетте шығарылатын бұйрық, ережелер олармен келісіледі. Үшіншіден, басшылардың да жауапкершілігі артқаны байқалады, яғни қызметтен төмендету, жазалау немесе қудалау сияқты бұйрықтарды шығара бермей, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарайтыны байқалуда. Десек те, биыл келіп түскен 25 өтініштің басым бөлігі, еңбек жанжалдарына қатысты болып отыр. Олардың көбісі, жұмысқа алу, басқа қызметке ауыстыру, орналастыру, тағы басқалары болып отыр. Осы арада айтып өтетін жайт, еңбеккерді басқа қызметке ауыстыру барысында кейбір басшылардың немесе кадр қызметкерлерінің оларға түсіндіру жұмыстарын толық жүргізбейтіні белгілі болып отыр. Өйткені осы мәселе бойынша келіп түскен шағымға біз толыққанды жауап бергеннен кейін бұл сұраққа нүкте қойылып жатады. Сөз реті келгенде Маңғыстау өңіріндегі теміржол қызметкерлерінің әлеуметтік шиелінісін реттеу бойынша жүргізілген жұмыстарды атап өткім келеді. Астана қаласында белсенділермен кездесу өтті. Екіжақты қанағаттандырған хаттамаға қол қойылып, соның орындалуы бойынша жұмыстар атқарылуда. Яғни бұл – мәселені ушықтырмай, оңтайлы дер уақытында шеше білудің нәтижесі. Тағы бір мысал, теміржолшылардың үнсіз қалмай, қайта-қайта ескертіп айтуларының арқасында арнайы киімдері мен аяқ киімдерінің сапасы жақсарды. Теміржолшылармен сөйлескенімде, қазіргі киім үлгілеріне дән риза екендерін жеткізді. Негізі, теміржолшылар көп жағдайда өзіне емес, өндірістегі жұмыс жағдайларының жақсы болғанын сұрайды.
– Қанат Есмұханұлы, бұл іссапарлар жалғасын табады ма? Өңірлердегі теміржолшыларды алаңдатқан тағы қандай жағдайлар бар?
– Әрине жалғасады. Келесі кезекте батыс, одан соң шығыс, ал күзге қарай оңтүстік аумақтарды аралап, теміржолшылармен жолығып, оларды алаңдатқан мәселелерді түртіп алмақпын. Біз барған өңірлерде шұғыл шешім табуды қажет еткен мәселенің бірі, ол медициналық сақтандыруға қатысты болды. Мәселен Бурабай курорты, Жаңаесіл сияқты мыңға жуық адам еңбек ететін ірі торапты станцияларда ҚТЖ-мен келісімшартқа отырған медициналық ұйымдар теміржолшыларға медқызметті толық көрсетпей немесе жеткіліксіз деңгейде көрсетіп отыр. Бұл жерлердегі теміржолшылар қажетті медикаменттерді станцияға тиіп тұрған аудан орталығынан емес, 100 км қашықтықтағы Көкшетаудан алуы керек екен. Сонымен қатар сырқаттанып қалған жағдайда Көкшетауға барып кезекте тұрып, дәрігер қабылдауына кіруге мәжбүр. Одан кейін қайта оралуы қажет. Біз бұл мәселеге қатысты кәсіподақпен, компанияның кадр қызметімен бірлесіп кеңес өткіздік, қазір осы мәселенің оң шешілуіне әрекет етіп жатырмыз. Мен бұл мәселе туралы Директорлар кеңесінің комитетінде де баяндадым, олар мені қолдады. Керек болса, Денсаулық сақтау министрлігіне де шығуға болады. Біз бұл медұйымдарға келісімшарт негізінде теміржолшыларды медсақтандырумен қамтамасыз ету үшін ақшасын төлеп отырмыз. Линиядағы теміржолшылар тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін де көтеріп отыр. Ертеректе теміржол компаниясы өздері салған тұрғын үйлермен теміржолшыларды қамтамасыз еткенін білесіздер. Бірақ соңғы жылдары Компанияға тиісті құзырлы органдар тарапынан тұрғын үй салу ісімен айналысуға немесе сатып алуға тыйым салынған. Ал қазір Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қойылған міндеттерді ұлттық компания толық орындап келеді. Компания жағдайы да тұрақталды. Сондықтан теміржолшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөліп, жеңілдікпен немесе басқалай несиелендіру бағдарламасын жетілдіру кезі келген сияқты. Бірақ бұл бағдарлама бір күні іске асып жатса, оның барлық жерде қолданылмайтынын да ескеру керек. Өйткені барлық жерде тұрғын үй салынып жатқан жоқ. Теміржолшылармен кездескен кезде олардың шағымданған келесі бір мәселесі, шағын станциялар, тіпті ірі станциялардың өзінде туыстардың жұмысқа алынуына тыйым салынуы. Бұрын әкесі, баласы, немересінің теміржолшы болып жұмысқа тұруы қалыпты жағдай еді. Ал қазір «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дағы Этика және іс-қимыл кодексіне сәйкес туысқандарды жұмысқа алуға тыйым салынған. Бұл іс-әрекеттер Самұрық-Қазына тарапынан еңбек жанжалдарын болдырмау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жасалған. Алайда, шағын станция, разъезд, тіпті ірі станцияларда теміржолшы маманын табу өте қат. Әрине, бұл ережелерді сақтауымыз қажет, бірақ кейбір жағдайларда бұдан бас тартуымыз керек. Мәселен, шағын бір станцияда әкелі-балалы теміржолшы болып жұмыс істесе, оның зияннан гөрі пайдасы көбірек. Оның үстіне теміржолшы династиясы жауапкершілікті сезіне біледі, тұрақты әрі сенімді. Ауылдық шалғай станцияларға қаладан теміржол саласы мамандарын тарту өте қиын. Міне, осы мәселелер қайта қарастыруды қажет етеді. Енді осымен айналыспақпыз. Тағы бір атап өтетін жайт, құрылымдық бөлімшелер мен еншілес ұйымдардың бірінші басшыларының Этика және іс-қимыл кодексі принциптерін бұзғанына қатысты еңбеккерлердің омбудсменге жасаған шағымын, кейбір басшылар жекебастың реніші ретінде қабылдап, жұмыстан қуып шығуға әрекет етіп жатады. Бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайларда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, ал жұмыс беруші тарапынан Корпоративтік омбудсмен ұсынымдарына реакция болмаған жағдайда қолданыстағы заңнама мен жұмыс беруші бекіткен актілер шеңберінде қатаң шаралар қолданамыз.
– Жаңа бір сөзіңізде омбудсмен қызметінің бір бағыты Компания имиджін көтеру, компания клиенттері арасында дау-жанжалдың туындауының алдын алу екенін атап өттіңіз. Осы арада компания мен клиенттері арасында шиеліністі жағдайлар туындаған мысалдар бар ма? Олар қалай шешіледі?
– Компания имиджіне қатысты проблемалық мәселелер көбінесе жолаушылар тасымалы мен вокзалдар жағдайына байланысты туындап жатады. Алдыңғы жылдары, жолаушылардан пойыздардың жағдайына көңілдері толмаған көп шағым түсті, мұндай шағымдар қазір де бар. Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалы шаруашылығы қызметкерлерінің өздеріне қатысты сұрақтар да өте көп. Сондықтан біз келешекте осы жолаушылар тасымалы мәселесімен айналысатын арнайы тағы бір омбудсмен лауазымын енгізуді жоспарлап отырмыз, мұны компания басшылығы да қолдап отыр. Әрине қазір жолаушылар тасымалы сервисті жақсарту, клиенттерінің сұранысын қанағаттандыру бағытында жұмыс істеп жатқан жайы бар. Бірақ түйінін тарқатар түйткілдер де көп.
– Соңғы сұрақ, Корпоративтік омбудсменге теміржолшылар қандай байланыс құралдары арқылы жүгіне алады? Электрондық пошта, қызу желі, құпия қоңырау шалу, тағы басқа қандай жолдары бар?
– Дәл қазіргі күнде азаматтардан өтініш-шағымдар «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Нысана» қызу желісінің телефоны: 8-800-080- 30-30 немесе Whatsap мессенджер 8-702-075-30-30 арқылы, сондай-ақ nysana.cscc.kz интернет порталы және nysana@cscc.kz электрондық поштасы арқылы келіп түсіп жатады. Жалпы, келешекте «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да қызу желі телефонын ашпақ ойымызда бар, өйткені кейбір сұрақтар шұғыл шешуді талап етіп жатады. Сонымен қатар өтініш-шағымдар пошта арқылы корреспонденция түрінде келіп жатады. Сондықтан «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның корпоративтік омбудсмен аппараты теміржолшылардың шағым-өтінішін тыңдауға және оларды уақытылы шешуге мүдделі екенін ескерткім келеді. Қазір жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы дау-жанжалды заң шеңберінде сауатты әрі әділ шешетін заман. Мұны басшылар да, қарапайым теміржолшылар да қаперінде ұстағаны абзал.
– Әңгімеңізге рахмет!