Астанада локомотив бригадалары арасында байқау өтті


«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Елордада Мемлекет басшысының тапсырмасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында үздік машинистерді анықтауға арналған «Кәсібінің үздігі» байқауы өтті.
Байқауға 3 компаниядан 18 машинист пен машинист көмекшілері қатысты. Атап айтқанда, теміржолда тасымалды ұйымдастырумен айналысатын ұлттық тасымалдаушы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС және тәуелсіз тасымалдаушылардың локомотив бригадалары бақ сынады. Әр компаниядан 3 машинист және 3 көмекшіден шығып, білімі мен біліктілігін сынға салды. Екі күндік байқаудың алғашқы күнінде барлық қатысушылар өздерін слайдтар арқылы таныстырып, бала кезден бергі армандары қалай жүзеге асқанын баяндады. Олар «Мен неге машинист мамандығын таңдадым?», «Локомотив шаруашылығы 10 жылдан соң қандай болады?», «Кәсіби шеберлікке бастар жол», «Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі локомотив бригадаларының рөлі», «Машинист жұмысындағы заманауи технологиялар: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» деген тақырыптардың бірін таңдап, өздері жайлы слайд арқылы таныстырды. Екінші кезеңде қатысушыларға арналған зияткерлік викторина ойыны өтті. Үшінші кезеңде олар тәжірибелік сынақта іс жүзіндегі біліктілігі мен білімін сынға салды, яғни қатысушылардың ВЛ80 сериялы электровозын жүргізу барысындағы жұмысына баға берілді.

Қазылар алқасының құрамында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС локомотивтерді пайдалану департаментінің бас менеджері Иван Костыря болды. Байқаудың ашылуында сөз алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС локомотивтерді жөндеуді ұйымдастыру департаментінің директоры Елдос Тоқбергенов: «Бұл байқау – кезінде «Локомотив» АҚ-да бастау алған салалық дәстүрлі жарыс. Бүгін міне тасымалдаушысы қай компания екеніне қарамастан мамандықтары басын біріктіретін, кәсібіне адал машинистер мен олардың көмекшілері жиналып, сол дәстүрдің одан әрі жалғасуына септік етуде», – деді.

Қорытындысында барлық кезеңдер бойынша жоғары деңгейде нәтиже көрсеткен жеке тасымалдаушылардың қызметкерлері жүлделі орындар алды. Ал ҚТЖ машинистері байқауға қатысқаны үшін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.