Бекбол Құлдан, Ақтөбе
Өнімнің жаңа түрлерін игермек
Оқуға 2 мин
Алдағы уақытта Ақтөбе рельсіне сұраныс артатын сыңайлы. Ақтөбе рельсарқалық зауыты таратқан мәліметтерге сүйенсек, ДТ350СС санатындағы дифференциалды термоберік рельстер жылдамдығы сағатына 250 шақырыммен жүруге болатын жолдар салуға арналған.
Отандық зауыттан шыққан бұл рельстер Қазақстанның қолданыстағы жылдамдықты магистральдарында ғана қолданылып қоймай, бүкіл ТМД аймағында да қолданыла алады және жоғары әлеуетке ие.
Бүгінгі таңда ҚР СТ 2432-2013 «Дифференциалды беріктелген және термоберіктелмеген темір жол рельстері» және МемСТ Р 51685-2013 «Теміржол рельстері. Жалпы техникалық шарттар» стандарттарына сәйкес игерілген және сертификатталған ДТ350 санатты Р65 типті рельстеріне қоса, «АРБЗ» ЖШС өнімдер портфелі көптеген теміржол әкімшіліктері талап ететін жаңа жоғары сапалы ДТ350СС санатты Р65 рельстер типімен толықты. Ол тиісінше сапа стандарттарына, сонымен қатар КО ТР 003-2011 «Теміржол көлігі инфрақұрылымының қауіпсіздігі туралы» регламенттің талаптарына сәйкес келеді.
Сәйкестік сертификаттарын алу үшін компания сапаны растаудың бірнеше сатысын өткерді: механикалық қасиеттерге, микро және макроқұрылымға зертханалық сынаулар жүргізу, стендтік сынаулар, рельстердің пайдалану сенімділігін тексеру. Осы сынаулардың барлығы нәтижелі өтіп, Ақтөбе рельс-арқалық зауытында шығарылған рельстер сапасы, сенімділігі және қауіпсіздігі жағынан стандарттар талаптарын толықтай қамтитынын растады.
Көптеген сарапшылар «АРБЗ» ЖШС-де шығарылатын өнім бүгінгі таңда әлемдегі ең үздік өнім екенін растайды, алайда кәсіпорын осы жетістігіне тоқтап қалмай, шығаратын өнімнің сапасын одан әрі күшейтуді, сұрыпталымды кеңейтуді және жыл аяғына дейін өнімнің жаңа түрлері өндірісін игеруді көздеп отыр.