Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ. Сондықтан пойыздардың қозғалысымен тікелей байланыста жұмыс істейтін сала қызметкерлерінің білім-біліктілігін жетілдіріп отыруға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мүдделілік танытып, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізеді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығы» филиалы директорының орынбасары Ирина Капановамен өндірістік оқыту, оны дамытудың заманауи тәсілдері, т.б. мәселе төңірегінде сұхбаттастық.

– Ирина Васильевна, теміржол саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру туралы сөз қозғағанда, әдетте оқытылған қызметкерлердің саны, білім беру бағдарламасы немесе оқытудың жаңа технологиялары туралы ғана айтылып жатады. Ал қазіргі оқыту жүйесі қызметкердің нақты өндірістік жағдайда өз жұмысын сапалы әрі қауіпсіз орындауға қаншалықты дайын болуын қамтамасыз етеді?  

– Өндірістік оқу – теміржол саласы үшін өте маңызды мәселе. Өйткені бұл жерде жіберілген бір ғана кәсіби қателік бір адамның жұмыс орнымен ғана шектелмей, ол пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне, тасымалдау процесінің сенімділігіне және бүкіл өндірістік жүйенің тұрақты жұмысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі таңда өндірістік оқыту жүйесінің алдында білім берумен ғана шектелмей, қызметкерлердің тұрақты кәсіби құзыреттерін қалыптастыру және оларды нақты өндірістік міндеттерді орындауға даярлау міндеті тұр. Бұл міндет біздің Оқу орталықтарының – «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығы» филиалы мен Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе және Тараз қалаларында орналасқан өңірлік оқу орталықтарының жұмысын дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды.  

– Осы бағыттар жайлы таратып айтсаңыз.  

– Біз жүйелі түрде дамытып жатқан бірінші бағыт – оқыту процесін нақты өндірістік қызметпен барынша тығыз байланыстыру. Біз қарапайым қағиданы басшылыққа аламыз: егер қызметкер өндірісте өздігінен шешім қабылдауы керек болса, онда ол оқу барысында шешім қабылдауға үйренуі тиіс. Сондықтан біз тәжірибеге бағдарланған тәсілді дамытып келеміз. Бұл – өндірістік жағдаяттарды талдау, нақты оқиғаларды қарастыру, практикалық тапсырмаларды орындау, жіберілген қателерді талқылау және тиімді шешімдерді іздеу. Оқу бағдарламаларына өндірістік кейстерді, нақты жағдайларды талдауды, практикалық тапсырмаларды және қателерді саралауды енгіздік. Біз үшін кейс дәріске қосымша берілетін жай ғана материал емес. Ол тыңдаушыны нақты жағдайға барынша жақын ортаға енгізіп, мән-жайды талдауға, ықтимал тәуекелдерді анықтауға, шешім қабылдауға және өз әрекетін негіздеуге мүмкіндік беретін құрал. Қазіргі уақытта өндірістік кейстер қорын қалыптастырып, оқытудың практикалық бөлігін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеміз. Осының нәтижесінде оқу процесі нақты өндірістік ортаға барынша жақындай түседі. Екінші бағыт — педагогикадан андрагогикаға көшу, яғни өндірістік оқыту шеберлерінің сабақ өткізу тәсілдерін өзгерту. Біздің тыңдаушыларымыз – өздерінің кәсіби тәжірибесі мен білімі қалыптасқан ересек мамандар. Бүгінде оқытушы білім беріп, ал тыңдаушы негізінен ақпаратты қабылдаумен шектелетін дәстүрлі оқыту үлгісі заманауи талаптарға толық жауап бере алмайды. Сондықтан біз андрагогикалық тәсілді, яғни ересектерді оқытудың ерекшеліктерін ескеретін әдістерді кеңінен қолдануға басымдық беріп отырмыз. Бұл – тыңдаушыларды оқу процесіне белсенді тарту, тәжірибе арқылы үйрету, кәсіби тәжірибемен бөлісу, нақты жағдайларды талқылау, шешімді өз бетінше іздеу және қателерді талдау. Біз үшін андрагогика қағидаларын сөз жүзінде жариялау жеткіліксіз. Олардың іс жүзінде қалай қолда нылатынын да бағалау маңызды. Осы мақсатта өндірістік оқыту шеберлерінің жұмысын бағалауға арналған «Андрагогикалық тәсілді қолдану индексі» KPI көрсеткішін енгіздік. Бұл көрсеткіш нақты өлшемдерге сүйенеді. Атап айтқанда, өндірістік оқыту шебері оқу материалын өндірістік міндеттермен байланыстыра ма, нақты жағдайлар мен кейстерді пайдалана ма, тыңдаушыларды талқылауға тарта ма, олардың өз бетінше шешім табуына мүмкіндік бере ме, қателерді талдауды және кәсіби тәжірибе алмасуды ұйымдастыра ма – осының бәрі ескеріледі. Осылайша, біз «сабақ өтті ме?» деген сұрақтан «сабақ қалай өтті және ол маманның кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға қаншалықты тиімді ықпал етті?» деген бағалауға көшіп келеміз. Келесі кезеңде үздік тәжірибелерді өндірістік оқыту шеберлері мен оқу орталықтары арасында кеңінен тарату жоспарланып отыр. Үшінші бағыт – бірыңғай әдістемелік орта қалыптастыру, яғни өндірістік оқыту сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету. Оқу сапасы тек белгілі бір оқытушының жеке тәжірибесіне ғана тәуелді болмауы керек.

Осыған байланысты біз бірыңғай әдістемелік орта қалыптастырудамыз. Өндірістік кейстер қорын толықтырып, дәріс сабақтарына арналған конспектілер базасын жасақтап, әдістемелік материалдарды, сабақ өткізу тәсілдерін және білімді бақылау әдістерін жетілдіріп келеміз. Сонымен қатар сабақтарға өзара қатысу, әдістемелік бақылау жүргізу және үздік тәжірибелерді тарату жұмыстарын дамытып отырмыз. Бұл тәсіл кемшіліктерді анықтаумен ғана шектелмей, өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыруға жол ашады. Төртінші бағыт – цифрлық трансформация: өз электрондық оқыту жүйемізді әзірлеу. Теміржол саласы үшін өзекті міндеттердің бірі – шалғайдағы станциялар мен желілік өндірістік учаскелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің оқуға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Теміржол желісінің ауқымды аумақты қамтуы, ауысымдық жұмыс тәртібі және өндірістік процестердің үздіксіздігін сақтау қажеттілігі персоналды даярлаудың икемді форматтарын талап етеді. Осыған байланысты біз қолданыстағы қашықтан оқыту технологияларын пайдаланып келеміз. Сонымен қатар өзіміздің электрондық оқыту жүйемізді әзірлеп, енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жоба әзірлеу кезеңінде. Бұл жүйе оқытуды, оқу материалдарын, прокторингті, тестілеуді және оқу нәтижелерін талдауды бір ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық білім беру кеңістігі болады. Осылайша, цифрландыру – оқуды ұйымдастыру құралы ғана емес, деректерге сүйене отырып, оның сапасын басқарудың маңызды тетігіне айналады. Бесінші бағыт – оқыту нәтижелерін бағалау тәсілін өзгерту. Оқытылған қызметкерлердің саны мен тестілеу нәтижелері бұрынғыдай маңызды көрсеткіштер болып қала береді.  

– Осы арада, қызметкер алған білімін өзінің күнделікті кәсіби қызметінде қолдана ала ма деген сұрақтың туындауы заңдылық дер едім. Бұған не дейсіз?  

– Өте орынды сұрақ. Біз оқыту тиімділігін бірнеше деңгей бойынша бағалауды қарастырып отырмыз. Бірінші деңгей – қызметкердің білім мен практикалық дағдыларды қаншалықты меңгергені. Екінші деңгей – осы білім мен дағдыларды өндірістік қызметте қаншалықты тиімді қолданатыны. Үшінші деңгей – оқыту нәтижесінің қызметкердің тікелей жұмыс берушісінің күткен нәтижелеріне қаншалықты сәйкес келетіні. Сондықтан біз оқытуға тапсырыс берушілермен кері байланысты дамытуға ерекше мән береміз. Атап айтқанда, оқудан өткен қызметкерлердің басшылары арасында сауалнама жүргізіп, оның нәтижелерін талдау арқылы оқу тиімділігінің индексін есептейміз. Біздің басты мақсатымыз – оқыту нәтижесін өндірістің нақты қажеттіліктерімен байланыстыру. Оқыту – қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігі. Теміржол саласы үшін заманауи оқытудың біліктілікті арттырумен ғана шектелмей, ықтимал қателердің алдын алуға бағытталуы ерекше маңызды.  

Сондықтан біз қызметкерлердің қауіпті жағдайларды олар тәртіп бұзушылыққа немесе оқыс оқиғаға әкелмей тұрып анықтай білу қабілетін қалыптастыруға ұмтыламыз. Осы мақсатта біз өзара байланысты, үздіксіз жетілдіріліп отыратын тұйық цикл қалыптастырып келеміз, яғни:  

Өндірістік қажеттілік тәжірибеге бағдарланған оқыту цифрлық құралдар нәтижені бағалау өндірістен кері байланыс алу оқытуды жетілдіру. Біздің ойымызша, оқытудан нақты өндірістік дайындыққа көшу дегеніміз – осы. Ендігі жерде заманауи оқу орталығы «Біз қанша қызметкерді оқыттық?» деген сұраққа ғана жауап бермеуі керек. Ең басты сұрақ: «Оқыту нәтижесінде қызметкер нақты өндірістік міндеттерді орындауға қаншалықты дайын болды?». Біз ҚТЖ-дағы өндірістік оқыту жүйесін одан әрі дамытудың және заманауи көлік-логистика саласының кадрлық әлеуетін қалыптастыруға үлес қосудың негізгі бағытын осыдан көреміз.  

– Әңгімеңізге рахмет!