Ақтөбеде кадр қызметкерлерінің HR-менеджерлері клубы ашылды. Оның төрайымы болып "Транстелеком" АҚ Ақтөбе филиалы кадрлар бөлімінің меңгерушісі Мариса Төлеубаева сайланды. Клубтың алғашқы отырысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановтың төрағалығымен өткізілді. Кадр мамандарының қызметіне жан-жақты қолдау білдіру үшін ұйымдастырылған жиынға аймақтағы ірі, орта, шағын бизнестегі персоналды басқару қызметкерлері және өңірдегі тәжірибелі кадр мамандары қатысты.  «Өңірдегі бизнес субъектілеріндегі мамандардың жетіспеушілігі, жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру және жастарды жұмысқа алу мәселелерінде кадр қызметкерлерінің ықпалы тиісті деңгейде ескерілмей келеді. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында HR-менеджерлері клубын ашуды ұйғардық. Клуб жұмысында еңбек заңнамаларындағы өзгерістер талқыланып, кадрлық қызметтерде кездесетін түрлі проблемалар ортаға салынатын болады», – деді кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.  HR-менеджерлері клубының отырыстарында заңнамалардағы өзгерістер мен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың қолданылуы, еңбек қатынастары кезінде жиі орын алатын қақтығыстардың шешімдері, маман тапшылығы секілді тақырыптар қамтылады. «Кадр мамандарының өзара ақпарат алмасатын алаңының біздің өңірімізде де ашылғанына өте қуаныштымыз. Әрбір мекеменің бет-бейнесі бұл – білікті мамандар, ал мамандарды персоналды басқару қызметкерлері таңдайды, Біздің қызметіміздің де жаңа сатыға көтерілгенін қалаймыз. Бара-бара кадр мамандары қызметкерлерді жұмысқа тартып қана қоймай, олардың жаңа ортаға тезірек үйренуіне де  ықпал жасайтын болуы тиіс. Бұл үшін біз арнайы дайындықтан өтуіміз қажет. Осындай  мәселелерді талқылайтын орта керек-ақ», – деді «ТрансТелеком» АҚ Ақтөбе филиалы кадрлар бөлімінің меңгерушісі Мариса Төлеубаева. Кадр мамандарының жиынында аталмыш сала бойынша қордаланған мәселелер ортаға салынып, олардың шешімі талқыланды. Клубтың ережесі қабылданып, төрағасы сайланды, хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жедел ақпарат алмасу үшін клубтың Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерінде парақшасы ашылатын болды. Клубтың келесі басқосулары форум, шеберлік сабақтар, тренингтер түрінде өткізілетіндігі туралы шешім қабылданды. 

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе