Қуаныш Қожаев, Семей
Жан жылуы – жастардан
Оқуға 1 мин
Семей ЖТ бөлімшесінің жастар ұйымы мереке қарсаңында үш бірдей теміржолшылар отбасына жан жылуын сыйлады. Қайырымдылық марафоны аясында қомақты қаражат жиналып, мүмкіндігі шектеулі балалары бар жанұяларға табыс етілді.
Осыған дейін де бірнеше мәрте жәрмеңке ұйымдастырып, қаржылай көмек жасау шарасы ұйымдастырылған еді. Ал, осы жолы бөлімшенің кең фойесінде ұйымдастырылған жәрмеңке барысында бұрын-соңды болмаған мол қаржы түсті. Оған себеп қайырымдылық шарасына қатысушы жастар қатары бұрынғыдан да арта түскен екен. Сонымен қатар, әрине мейірім мен қайырым символы – наурыз мерекесі адамдарға айрықша әсер еткені байқалады. Мысалы, Семей белгі беру және байланыс дистанциясының ЛАЗ электромеханигі Анар Нұркенова сауапты іске қалтасынан 10 мың теңге қосыпты.
– Биылғы жылы да мүгедек балалары бар үш теміржолшы отбасы таңдалып алынды. Жастардың жиған қаражатын теңдей бөліп апарып бердік. Алғыстары шексіз. Көмек дер кезінде жасалыныпты. Себебі, бірі дәрі-дәрмекке ақша таппай отырса, енді біріне баласын Астанаға апарып, дәрігерге қарату қажеттілігі туындап отыр екен, – дейді белсенді жастардің бірі, Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша аймақтық өкіл орынбасары Динара Ақшалова.