Жаз қызығы таусылмас
Оқуға 1 мин
Маңғыстаулық теміржолшылардың балалары жазғы каникулдарын қызықты өткізуде. Балақайлар үшін теміржол әкімшілігі мен Кәсіподақ комитеті теңіз жағалауындағы "Фламинго" және "Балдәурен" балалар лагерлерінде демалыс ұйымдастырған.
Жүк тасымалы бөлімшесі қызметкерлерінің 125 баласы "Фламингода" 3 кезекпен бес апта бойы демалуы жоспарланса, магистральдық желі бөлімшесінің 164 балғыны жаз қызығын "Балдәуренде" тамашалауда. Дәл қазір "Фламингода" екінші кезең басталыпты. Бұған дейін сауықтыру лагерінде 25 бала демалып, денсаулықтарын шыңдап қайтыпты. Теміржол басшылығының балақайларға жасап жатқан тартуы мұнымен ғана бітпейді. Жаз қызығы әлі де жалғаса бермек.
– Шілденің ортасына қарай жүк тасымалы бөлімшесінен 3 бала , магистральдық желі бөлімшесінен 3 бала Астанаға 10 күнге "Табиғат аясында" атты саяхатқа жіберіледі. Оларды арнайы өкіліміз алып барып, алып қайтады. Онда балалар елорданы тамашалаумен ғана шектелмейді. Көкшетаудың, Бурабайдың көрікті жерлерін аралап, солтүстіктің сұлу табиғатымен танысып, танымын кеңейтеді. Сол сияқты тамыздың 20-сында тағы 9 бала Алматыға ұшып, 2-3 күн бойы оңтүстік астананың көз тартар жерлерін аралап қайтатын болады, – деп ақпар берді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов.
Шахида Жұман,
Маңғыстау