Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында барлық көрсеткіштер деңгейі жоғары. Пайдаланым жүк айналымы 4682,7 млнткмнеттоны құрап,  жоспардың орындалуы 111,3 пайызға орындалған. Жалпы, бөлімше барлық 16 көрсеткіш бойынша озық шығып, жоспар жүз пайыздан артық орындалған. Жоспардың артығымен орындалуына вагондардың жүк паркін сапалы пайдалану, жүк вагондарының өнімділігін, жүрісін арттыру, т.б. жағдайлар ықпал еткен. Мәселен, пайдаланым жүк айналымының артуымен қоса, жүк тиеу – 102, 7%, жүк вагон өнімділігі – 131,1%, вагонның орташа тәуліктік жүрісі – 125,7%, жұмыс вагонының айналымы – 131,7%, вагонның статистикалық салмағы – 101%, бір жүк операциясына вагонның тұруы – 159,3%, локомотив жүрісі – 101,5%, пойыздың учаскелік жылдамдығы – 101,4%, пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы – 100,4% т.б. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім бастығы Темірхан Аманқұловтың айтуынша, 2-ші тоқсанда жүк тиеу көлемі кеміген. Жоспар орындалғанымен, негізгі жүк жөнелтуші «Теңізшевройл», «Батыс Транс Групп» ЖШС тарапынан мұнай өнімдерін жіберу азайып кеткен. Себебі – зауыттың күкірт түйіршіктейтін қондырғысында жоспарланбаған жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыс тоқтаған. Сондай-ақ, АтМӨЗ-дегі мұнайды терең өңдеу кешенінде қосу-реттеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты мазут, газойль сынды мұнай өнімдері зауыттан аз тиелген. Сонымен қатар, аталған мерзімде транзитті тасымал көлемі де азайғаны байқалады. Бөлімшемен 4 пойыз, 2 пойыз Қиғаш түйіспесінен, бір-бір пойыздан Сағыз бен Құлсары түйіспесінен пойыздар кем алынған. Нәтижесінде тиелген вагондар жүрісінің вагон-шақырымы азайған. Соған қарамастан, бөлімше жоспар үдесінен шығып отыр. Жалпы, вагон арқылы келіп-кететін халық тұтынатын тауарларды айтпағанда, өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасы орындалуда, оған қоса мұнай өндіруші «Теңізшевройл» ЖШС өнім көлемін ұлғайтуда және 3-ші деңгейлі зауыт салынып, оған 25 мың жұмысшы тартылуда. Атырау мұнай өңдеу зауыты да кеңейтіліп, онда жоғары октанды бензин өндіріліп, мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені жұмыс жасауда. Мұның бәрі өлке темір жолының еңбек өнімділігін арттырып отыр. Қосұйым Мұқашев, Атырау облысы