24 жасында станция басшысы болған жас маман атакәсіпті абыроймен жалғастырып келеді

ҚТЖ келбеті
15.11.2021, 09:54
Оқуға 3 мин
Қуаныш Қожаев

Абай облысы бойынша меншікті тілші

Түрксіб құрылысының түп отаны саналатын Жарма өңірінен шыққан әйгілі Тұрсынбековтер династиясын бүгінде ел шығысындағы теміржолшылар түгел таниды. Осы әулеттің ең кіші буын өкілі Ернұр Тұрсынбеков – ел тәуелсіздігінің түйдей құрдасы. 1991 жылы егемендік таңы атқан шақта дүние есігін ашқан бақытты ұрпақ өкілі бүгінде әулеттің атакәсібін жалғастырып, өзі туып өскен өңірде станция басшысы болып еңбек етуде. Жаңасемей – Шар телімінің 739,9 шақырымында орын тепкен 3-ші класты Суықбұлақ станциясында жылдың төрт мезгілінде де жұмыс қауырт. Сондықтан аймақ бойынша іргелі өнеркәсіптердің ірі шикізаттық ошағы саналатын бұл өңірдің теміржолшылары үшін жауапкершілік те жоғары. Күллі республиканы цемент, асбест өнімдері сынды құрылыс материалдарымен қамтып отырған Семейдегі іргелі зауыттардың кеніш орындары, өндіріс ошақтары осында орын тепкен. Мұндай станция жұмысын басқару да, әрине, оңай емес. Небәрі 24 жасында станция тізгінін қолына алған Ернұр сол кезде Қазақстан темір жолындағы ең жас станция бастығы болған екен. Бір қызығы, кезінде кейіпкеріміздің әкесі де осы станцияны басқарған, атасы мен әжесі өмір бойы осында еңбек еткен.

– Көзімді ашып көргенім осы станция болғасын үйімдей болып кеткен, жас болсам да еш қобалжыған жоқпын, міне, алты жылым осы қызметте өтті, қазір менен де жас станция басшылары бар, отыздан астық, – дейді тәуелсіздік құрдасы.

Ернұрдың атасы Тұрсынбек ақсақал осы станцияда еңбек етсе, әжесі Фаузия апа қатардағы жолшы болған. Ал әкесі Талғат Тұрсынбекұлы осы Суықбұлақта, кейіннен Дегелең станциясын басқарған теміржолшы болды. Жоғары білім алған соң еңбек жолын қалыптасқан дәстүр бойынша пойыз құрастырушысы болып бастап, аз жылда станция бастығы қызметіне тағайындалған жас маманға алғашқы жылдары ата- сының көзін көрген, әкесін жақсы білетін аға буын теміржолшылар үлкен қамқорлық жасапты. Әсіресе еңбек өтілдері 30 жылдан асатын пойыз құрастырушылар Сұлтанғазы Түсіпов, Мұсағали Оспанов және станция кезекшісі Мұратбек Нұрғалиев сынды ақылшы ағалары буыны бекіп, бұғанасы қатпаған ұлдың басшылық қызметте қалыптасуына көп үлес қосқан екен. Ернұрдың өзі оны мақтанышпен айтып берді. Шағын болса да шаруасы қауырт, 16 адамнан тұратын станцияға басшылыққа тағайындалғанда ол әкесінің әдісіне салып жұмыс жүргізгенін жасырмайды. Шағын лездемелік жиындар өткізу, тауар кассирлері мен диспетчерлерге нұсқау беру, пойыз құрастырушыларының жұмыстарын тексеруде әкесінің жүріс-тұрысына, тіпті дауыс ырғағына да салып алады екен. Ал, қиын да күрмеулі сәттер туындағанда Дегелең станциясының басшысы болып ауысқан әкесіне қоңырау шалып, ақыл-кеңес сұрап отырған.

– Әкелі-балалы станция басшылары болудың жауапкершілігі де жоғары болады екен. Станция бастықтары арасында түрлі сайыстар, байқаулар өтеді. Сондайда әкем: «Ұлым, намысты қолдан берме, сенің есіміңмен бірге Тұрсынбе- ковтер династиясының да аты аталатынын ұмытпа!» деп үнемі қайрап отыратын, – дейді Ернұр Талғатұлы.

Әйтсе де, әкелі-балалы басшылар арасында жарасымды түрде еңбек жарысы болғанын да жасырмайды. – Біздің станциядағы жүк тиеу, түсіру жұмыстары маусымдық болып саналмайды. Сол себепті қысы-жазы бір қалыпта, 24 сағат көлемінде қалтқысыз қызмет көрсетеміз. Тұрақты түрде тәулігіне 80 вагонға жүк тиеп жолға шығара аламыз. Кейбір кездері тапсырыс саны күрт артып кететіні де болады. Мәселен, ағымдағы жылдың өткен қыркүйек-қазан айларында 90 вагонға дейін жеткіздік. Ал, әкем осы станцияда басшылық қызметте жүргенде мұндай рекордтық көрсеткіш болмапты. Соған қарап, Тәуелсіздіктің жасампаз ұрпағы – біздің буынның еңбегі асып кетті деп айта аламын, – дейді станция басшысы. Айтпақшы, қазіргі күні станцияда жастардың үлесі артқан. Көпшілігі – егемендік жылдарында өмірге келген өрендер. Табиғаты аса қатаң, қысы қытымыр, жазы аңызақ, шағын ғана елді мекенде тұрақтап еңбек етіп жүрген олар отызында қамал алатын ұрпақ екендерін іспен дәлелдеп жатыр.

Жаңалықтар
16.10.2026
Қазақстан мен Әзербайжан ТХКБ-ны дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Жаңалықтар
16.10.2026
Құлсары жол дистанциясы үздік атанды
Инфрақұрылым
16.10.2026
Сапаға кепілдік бар
Аймақтар
16.10.2026
Өндіріске – жүз жаңа тепловоз
Жаңалықтар
16.10.2026
ALT студенттері теміржолда геодезиялық тәжірибеден өтті
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Матай депосында 43 жыл еңбек еткен маман марапатталды
Аймақтар
16.10.2026
Қазақстан мен Ресей кәсіподақтары меморандумға қол қойды
Аймақтар
16.10.2026
Теміржолшылар тарихи жиын өткізді
Аймақтар
16.10.2026
Бір отар қой шығын болды
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Теміржолшылар әулеті үздіктер қатарынан көрінді
Жаңалықтар / Мұрағат
16.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №82 16 қазан 2026 жыл
Жаңалықтар
15.10.2026
NEW SILK WAY форумында Орта дәлізді дамыту мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
15.10.2026
«NEW SILK WAY» VIII форумында халықаралық көлік дәліздері мен тасымалды цифрландыру талқыланды
Инфрақұрылым
15.10.2026
Ақтөбе облысында Қарауылкелді вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
15.10.2026
Вокзалдарда бақылау күшейтілді
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан теміржол транзитін қалай еселемек?
Жаңалықтар
15.10.2026
Пойыз неге рельстен шығып кетпейді? Көпшілік біле бермейтін құпия
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан халықаралық теміржол дәліздерін дамыту мәселесін ЭЫҰ елдерімен талқылады
Жолаушылар тасымалы
14.10.2026
4 мыңнан астам бейнекамера ҚТЖ пойыздарында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Жаңалықтар
14.10.2026
Астанада Translogistica Kazakhstan халықаралық көрмесі ашылды