Атырауда 9 айда 503 тексеру жүргізілді – ревизор

Қауіпсіздік / Сұхбат
01.11.2022, 10:27
Суретті түсірген автор
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Темір жолда қозғалыс қауіпсіздігін сақтау – ең жауапты міндет. Алайда, жүк және жолаушы тасымалын жүзеге асыратын салада қауіпсіздік әркез сақтала бермейтіні шындық, түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Оның себептері де әр алуан. Өңірдегі қауіпсіздік ревизорлары жұмысының негізгі бағыты – осы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қауіп-қатердің алдын алу болып саналады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қауіпсіздік департаментінің Атырау аймағы бойынша бас ревизоры Көбеев Жәнібек Асылбекұлымен сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді.

– Жәнібек Асылбекұлы, Атырау аймағы бойынша ревизорлар құрамының жұмысы жайлы айтып берсеңіз. Биылғы 9 айда қандай кемшіліктер болды, себеп-салдары не дегендей?  

– Аймақ теміржолындағы қауіпсіздіктің сақталуы мен қамтамасыз етілуі ревизорлық аппарат мамандарының тікелей назарында. Біз қай жерде де келеңсіздіктердің алдын алу, оны болдырмау бағытынды жұмыс жүргіземіз. Өткен 9 айда аймақтағы барлық теміржол мекемелерінде қозғалыс қауіпсіздігі бойынша 29 кемшілік анықталды – 15 оқиға және 14 инцидент. Соның ішінде Атырау жүк тасымалы мен Магистральдық желі бөлімшесі бойынша қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 3 жағдайы орын алды. Онда Атырау, Мақат станцияларында екі рет тепловоз, бір рет вагон рельстен шығып кеткен оқиға тіркелді. Бұл жерде машинистер мен пойыз құрастырушылардың, жолшылардың да қателігі бар. Кемшіліктер тексеріліп, жауаптыларға тиісті шаралар қолданылды. Сондай-ақ, Ақжайық – Атырау станциялары аралығында адам басу оқиғасы тіркелді. Құлағына құлаққап киген адам тепловоз сигналын естімей, жауапсыздық салдарынан осындай қайғылы жағдай орын алды. Мұның бәрін айтып отырған себебім, қозғалыс қауіпсіздігіне тек ревизорлар жауапты болмауы керек, әрбір адам, маман ең алдымен қауіпсіздікке мән беріп, өзі үшін, өзге үшін өте сақ болу керек, әсіресе қауіп-қатері мол салада еңбек ететін теміржолшылар «екі шоқып, бір қарауды» дағдыға айналдырғаны жөн.  

– Тексеріске жиі шығасыздар, негізінен қандай кемшіліктер орын алады? 

– Жиі шығамыз. 9 айда 503 тексеру жүргізілді, оның ішінде кездейсоқ 85, мақсатты 375, түнгі 43 тексеру болды. Нәтижесінде 4544 кемшілік анықталды. Олардың көбі жылжымалы құрам мен техникалық құралдарды күтіп-ұстау мен пайдалану (53,01%), еңбек өндірісінің технологиялық талаптарының сақталмауы (33,09%), құжаттамаларды, аттестацияны жүргізудегі т.б. кемшіліктер. Вагондардан ақау табылса, оларды қайта жөнделгенше құрамнан алып тастаймыз, жол мен бағыттамалы бұрмалар сапасы талапқа сай болмаса, шектеу қоямыз немесе жөндеп болғанша мүлдем тоқтатамыз. Құралдар мен қондырғыларға да осындай қатаң шаралар қолданылады.  

– Мал басу оқиғасы да жиі орын алады, оған қандай амал жасап жатырсыздар? 

– Өңірдегі ауа райы ерекшелігі, табиғи құбылыстардың да теміржолға кері әсерін тигізіп отырған жайы бар. Ең алдымен ол – мал басу оқиғасы. Биыл 31 оқиға тіркелген. Оның 23-і жол бойында болса, 8-і станцияларда болған. Бүгінде өңірде жолды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сол себепті ол учаскелерде жылдамдық та артқан. Тальго пойыздары сағатына 120-140 шақырыммен жүреді. Жалпы, өңірдегі жолдың 65 пайызы темірбетон жаңа шпалдарға, жаңа рельстерге ауыстырылған. Сол себепті пойыз жылдамдығы артатыны түсінікті және ол қажет нәрсе. Бірақ, жолда жүрген төрт түлік пойыздар қозғалысына кедергі келтіруде. Әсіресе, қауіпті саналатын жерлер – Атырау-Махамбет, Махамбет-Қызылжар, Бақсай-Аққыстау, Құлсары-Шоқпартоғай, Жантерек-Мұқыр-Сағыз, Ганюшкино-Атырау аралықтары. Халыққа мал ұстама деп айтуға болмайды, бірақ малға бағым керек. Бұл мәселелерді жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қарым-қатынасынсыз атқару мүмкін емес. Соған орай аудан әкімдеріне малды темір жол бойына жаймау, бақташы қою, мал иелеріне ескерту жұмыстарын жүргізу жөнінде талай хат жазылып, ескерту беріліп, жиын да өткізіліп жатыр, бірақ нәтиже көңіл көншітерліктей емес. 9 айда жол бойындағы малдың кесірінен жүріп келе жатқан пойызды 37 шұғыл тоқтату фактісі орын алған. Ол өткен жылға қарағанда 66 жағдайға аз. Бірақ бәрібір зияны бар, компанияға шығын келтіреді: тепловоз отын жоғалтады, пойыз уақыты мен кестесі бұзылады. Жол бойына мал өтпейтін қоршау салуды тоқтатпау керек. Жыл сайын бір шақырымға болсын көбейе берсе, қауіпсіздікке де қатер азая түседі деген сөз. Өкінішке орай, биыл жоспарланған 77 шақырымға тікенек сым уақытылы келмегендіктен салынбай қалды.  

– Кей өңірлерде құм басу да қозғалыс қауіпсіздігіне кәдімгідей қатер төндіретіні рас қой? 

– Теміржолды құм басу – Маңғыстау мен Атырау аймақтарындағы басты проблеманың бірі. Бізде әсіресе Қиғаш-Атырау, 14, 15, Исатай, Нарын бекеттерінде тұзды топырақ жауып, жолды құм басады, сосын жаңбырмен тас болып қатып қалады. Ол пойыздардың жүруіне кедергі. Жолшылар өз күштерімен тазалайды, бірақ табиғатқа қарсы тұру мүмкін емес, бүгін аршыған жерді ертең қайта құм басады. Ол өз кезегінде жолаушылар тасымалы мен жүк тасымалы кестесінің бұзылуына, пойыздардың тоқтап қалуына әкеліп соғады. Сондықтан жол жағасына сексеуіл, жыңғыл егу жұмыстары да үздіксіз жүргізілгені абзал. Сәл де болса тосқауыл.  

– Жәнібек Асылбекұлы, жуырда күзгі тексеру өтті. Аймақ темір жолының қысқа дайындығын қалай бағалауға болады? 

– Әрине, кемшіліксіз емес, қай мекемеде де басшылық тарапынан бақылау, қадағалау кемшін соғып жатқаны рас, техникалық сабақтар сапасы да жақсартуды қажет етеді. Мамандар біліктілігін, білімін көтеру қажет. Жол сапасын жақсарту, байланыс құралдарын реттеу, вагондарды, локомотивтерді жөндеуді жолға қою сынды ескертпелер болды. Қысқа дайын болу үшін олардың бәрін шұғыл орындауға нұсқау берілді. Қауіпсіздік ревизорлары көктемгі және күзгі байқаулардан бөлек ай сайын өздеріне бекітілген телімдерге шығып, қауіпсіздіктің сақталуын қадағалайды. Мекемелерді аралап, қауіпсіздік жағдайын тексереді. Айына әр ревизор жобамен бірқатар нысанды қамтыған бірнеше акт тіркейді. Теміржолшылдардың білімін тексеріп, осалдық танытқандарын қайта емтиханнан өткізеді. Тиісті тапсырмалар мен бағыт-бағдар береді. Қозғалыс қауіпсіздігінің мүлтіксіз сақталуын бақылайтын біздің ревизорлардың әрқайсысының бекітілген міндеті бар. Біреуі қозғалысты, екіншісі тепловоз шаруашылығын, үшіншісі жол, вагон, байланыс шаруашылығын қадағалайды. Бәрі де өндірісте шыңдалған сауатты да білікті мамандар.

– Әңгімеңізге рахмет!  

 

Аймақтар
23.08.2026
Ақтөбе вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
23.08.2026
Қостанай облысында Тобыл вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
21.08.2026
Арыс станциясында болашақ жүргізушілерге машинист көзімен темір жол көрсетілді
Жолаушылар тасымалы
21.08.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» пойызының қатынау мерзімін жыл соңына дейін ұзартты
Трансформация
21.08.2026
Машинажасау саласы қалай дамуда?
Инфрақұрылым
21.08.2026
Жетіген – Құрөзек: екі учаске жаңғыртылды
Аймақтар
21.08.2026
Шу теміржолшылары мен полиция бірлескен рейд өткізді
Аймақтар
21.08.2026
Атырауда «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында 8 өткелде рейд өтті
Аймақтар
21.08.2026
Үздік вагон депосы – Маңғыстауда
Аймақтар
21.08.2026
Шалқар жол дистанциясы аумағында жыл басынан бері 5 мал басу оқиғасы тіркелді
Әлеумет
21.08.2026
Білім күніне базарлық
Әлеумет
21.08.2026
Есте қалатын ерекше күн
Жаңалықтар
21.08.2026
Донорлар қатары артуда
Жаңалықтар / Мұрағат
21.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №66 21 тамыз 2026 жыл
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ станцияларды басқарудың жаңа цифрлық платформасын енгізуде
Трансформация
20.08.2026
Қазақстанда локомотив пен вагон өндірісі еселеп өсті
Инфрақұрылым
20.08.2026
Ақшолақ – Үшбұлақ аралығында ауыр жол техникасын қолдана отырып, темір жолы сауықтырылуда
Жаңалықтар
20.08.2026
Қазақстан Орталық Азияның теміржол желісін жаңғыртуға негізгі үлесті қосуда
Жаңалықтар
20.08.2026
ҚТЖ ALT University-мен ынтымақтастықты дамытуда
Әлемде
20.08.2026
Қытай 2026 жылдың алғашқы жеті айында жолаушылар ағыны бойынша жаңа рекорд орнатты