Ақсу – Дегелең учаскесіне 20 жыл толды
Ақсу-Дегелең: тәуелсіз елдің тұңғыш магистралі
Оқуға 2 мин
19 маусымда Ақсу-Дегелең жаңа темір жол желісінің салынғанына 20 жыл толды. Ұзындығы 187 км болатын Семей өңірін Павлодармен біріктірген жол еліміздің солтүстігін шығысымен жалғады.
1998 жылы мамыр айында егемен Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Павлодар облысының Ақсу қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Дегелең арасын жалғайтын темір жол құрылысы басталды. Жолдың жалпы ұзындығы – 184 шақырым. Құрылысты жүргізу барысында басты жолдар, 4 жаңа станция, Ертіс-Қарағанды каналы арқылы жаңа көпір, магистраль жұмысын қамтамасыз ету үшін өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар салынды. Известковый, Көл, Талды, Ақсу-2, Көктөбе, Құркөл, Май, Жұмыскер станциялары бой көтеріп, қосымша көптеген жұмыс орындары ашылды. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуымен тоқырап қалған Конечная станциясы өзінің тарихи Дегелең атауын қайтарып, қайта түледі.
Екі ірі өндірістік қала Павлодар мен Семей арасы 600 шақырымға қысқарып, жол жүру уақыты 10- 12 сағатқа күрт азайды. Жаңа телім ашылғанға дейін Павлодардан Семей арасында қатынау үшін шекараны кесіп, Ресейдегі Құлынды, Локоть станциялары арқылы айналып жүруге тура келетін еді. Жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар қаражаты, уақыты үнемделді. Павлодар- Семей-Алматы бағдары бойынша жолаушылар пойыздарының жолда жүру уақыты 6 сағатқа қысқарды. Жаңа маршруттың жүк тасымалы алғашқы жылдары шығындарды 15-20%-ға қысқартуға мүмкіндік берді, кейін одан да азайтты.
2001 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Ақсу-Дегелең магистралінің ашылу салтанаты өтті. Солтүстік пен шығысты жалғастыратын жолдың маңыздылығына ерекше тоқталған Тұңғыш Президент пайдалануға берілуімен бұрынғы айналма қашықтық 600 шақырымға дейін қысқарғанын атап өтті. «Ақсу-Дегелең» жобасын ел экономикасының қайта өрлеуінің көрсеткіші ретінде сипаттады.