Семей жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Аягөз станциясының жастары ерлеп тұр

Аймақтар
19.12.2018, 11:11

Аягөз станциясының теміржолшы жастары ел тәуелсіздігінің биылғы мерекесін зор жетістікпен қарсы алды. Мерекеге толы желтоқсан айы станция жастары үшін қашан да қарбалас өтті. Себебі, өнерпаз жігіттерден құралған топтары бар олар қала көлемінде өткізілетін түрлі мәдени шараларға қатысып, егемендік күніне ән мен жырдан шашу шашты.    

Қазіргі күні Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты Аягөз станциясының жастары ерлеп тұр. Олардың осыдан санаулы жылдар бұрын ғана Жайдарман ойындары бойынша құрылған «Аягөз» атты командалары байрақты бәсекелерде топ жарып, аягөздік теміржолшылардың даңқын әуелетуде. Атап айтсақ, өткен жылдары облыс орталығы Өскемен қаласында күллі шығыс аймаққа қарасты іргелі мекемелер мен кәсіпорындардың жайдарманшы жастары қатысқан аймақтық байқауда топ жарып, жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлаған болатын. Сол жолы «Қазақмыс», «Қазцинк», «Қазақтелеком» филиалы сынды алпауыт өндіріс орындары жастарының командаларын жеңіп, облыс бойынша үздік деп танылған. Осынау жеңісті жол биыл да жалғасын тапты. Аймақ көлемінде өткізілген шоқтығы биік бірқатар өнер сынында асықтары алшысынан түсті. Соның ішінде соңғы жеңістері ретінде Аягөз қалалық Жастар бірлестігімен бірлесіп өткізілген, Аягөздегі қызметкерлер арасындағы Жайдарман ойындарынан бірінші орынды иеленгендерін айтуға болады.

Қазіргі таңда жастар арасында айрықша маңызға ие Жайдарман ойындары бойынша «Аягөз» командасы облыс бойынша алдыңғы орында тұр. Тіпті, өткен жылы Семей қаласында, тораптық станциялар теміржолшылары арасындағы көңілді тапқырлар ойындары бойынша да Дегелең, Семей, Шар жігіттерін артқа тастап бірінші орынды жеңіп алған болатын. Әріптестері де аягөздік жолы болғыш жігіттердің өнеріне сүйсініп, мойындаған еді.

– Әзіл арқылы астарлап бүгінгі қоғамның келеңсіз тұстарын жеткізіп өтуде біздің жігіттер шеберлігіне жететін ешбір команда жоқ деп мақтана аламыз. Әрине, үлкен мен кіші қатар тамашалай алатын, әдептен озбайтын әзілдерді ғана көрерменге ұсынуға тырысамыз. Әрбір номерімізде, әсіресе жастар арасындағы тіл, мәдениет, үлкенге құрмет, қоғамға қызмет сынды өзекті мәселелерді юмор арқылы көтеріп отырамыз. Бәлкім сондықтан да өнеріміз жоғары бағаланатын шығар. Ешбір сайыстан жүлдесіз қайтқан емеспіз, – дейді команда капитаны, станция кезекшісі Ержан Шабданов.

Қазіргі күні атағы алысқа жайылған «Аягөз» командасының құрамында пойыз құрастырушысы Әділет Тайманов, станция кезекшісі Нұржан Қабанбаев, тауар кассирі Азамат Ноғайбаев сынды өнерпаз жігіттер бар. Сол тәрізді ойын-тойдың гүлі, мерекелік іс-шаралардың жүргізушілері әрі асаба ОПЦ Айдар мен ТЧЭ-25 машинисінің көмекшісі Еркін де өнер көрсетіп жүр. Жігіттер Жайдарман ойындарының барлық нөмірлері мен сатиралық қойылымдар сценарийлерін өздері даярлайды екен. Әрине, арасында тәжірибелі ойыншылар кеңесіне жүгінетіндіктерін де жасырмайды. Жалпы, жігіттердің шығармашылық қабілеттері жоғары. Араларында домбырамен сахна төріне сан мәрте шығып, ақындар айтысына қатысып, аудан намысын қорғағандары да бар. Қазақы қара өлеңнің қасиетін тани білетін жігіттер осылайша қатарының алды атануда.

«Аягөз» командасы осылайша өнердің ерекше саласы бойынша аймақ көлемінде алдыңғы саптан табылуда. Өнерпаз теміржолшы жастар алдағы уақыттарда шығармашылық өрістерін кеңейте түспек. Демеушілер табылса, бейнебаян түсіріп, Аягөз теміржолының арғы-бергі тарихынан мол хабар беретін туынды әзірлеу де жоспарларында бар. Жалпы, жастарға тәжірибелі станция басшысы, жастар қауымын жақын тартатын Еркін Тойкенов елеулі көмек көрсетуде.

– «Болар жастың бетінен қақпа, белін бу!» деген нақыл бар. Станциямыздың жас буын теміржолшыларынан тұратын «Аягөз» командасының жетістігі – біздің де жетістігіміз. Өндірістен қолы боста сүйікті хоббилерімен айналыссын жігіттер, бұл-дағы салауатты өмір салтын насихаттаудың бір түрі, – дейді станция бастығы Еркін Шаубанұлы.

Қуаныш Қожаев, Аягөз  


Аймақтар
16.09.2026
Семей қаласында теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Әлемде
16.09.2026
Әзербайжан Армения шекарасына дейінгі теміржол құрылысының 75%-ын аяқтады
Жаңалықтар
16.09.2026
Қазақстан мен Корея көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Жаңалықтар
16.09.2026
Астанада VIII «NEW SILK WAY» атты көлік-логистика саласындағы бизнес-форумы өтеді
Апта саны / Жүк тасымалы
16.09.2026
Сегіз айда ҚТЖ желісі арқылы 212,7 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Жаңалықтар
15.09.2026
Теміржолшылар мен ТЖД Қарағанды – Ақадыр учаскесіндегі өртті сөндірді
Жаңалықтар
15.09.2026
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да үздік эколог-сарапшылар анықталды
Жолаушылар тасымалы
15.09.2026
ҚТЖ ата аналар мен жасөспірімдерге пойыздағы қауіпсіз жүру ережесін еске салды
Жаңалықтар
15.09.2026
Болгариядағы TХКБ отырысының негізгі нәтижелері
Жаңалықтар
15.09.2026
Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстаудың жөндеуден өткен вокзалын тексерді
Инфрақұрылым
15.09.2026
Вокзалдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтар
15.09.2026
Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстаудағы стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты
Жүк тасымалы
15.09.2026
«Бір белдеу, бір жол»: Жаңа сауда дәліздері қалай дамиды?
Қауіпсіздік
15.09.2026
Қауіпсіздік пен біліктілік бәсекесі
ҚТЖ келбеті
15.09.2026
Қырағы өткел кезекшісі
Аймақтар
15.09.2026
Ақтоғайдан Дегелеңге дейін...
Әлеумет
15.09.2026
Теміржолшыларға қолайлы жағдай жасалуда
Қауіпсіздік
15.09.2026
Балалар қауіпсіздігі – бәрінен қымбат
Жаңалықтар
15.09.2026
Теміржолшылар «Қазтест» сынағынан өтті
Жүк тасымалы
15.09.2026
Елімізде астықты теміржол көлігімен тасымалдау көлемі артты