Бірінші желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Нұрлы жол» вокзал кешенінде «Ұлы дала мұрагерлері» атты флешмоб ұйымдастырылды, деп хабарлайды Rail-news.kz. Назарбаев Интеллектуалды мектебінің жас домбырашылары ұйымдастырған ерекше флешмоб вокзалға жиналған жолаушылардың көңілін көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Жігер» домбырашылар ансамблінің 100 өнерпазы профессор Айтжан Тоқтағанның жетекшілігімен Құрманғазының атақты «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» күйлерін орындады. Жыл сайын бұл флешмоб елорданың ірі сауда орталығында өткізілетін. Ал биыл темір жол вокзалында, соның ішінде тоғыз жолдың торабы, әрі сәулетті де зәулім жаңа вокзалда өткізуге ұсыныс болған. Мұны вокзал басшылығы қуана қабылдап, өнерпаздарға қолдау білдірді.
– Күн сайын 25 мыңға жуық жолаушы келіп кететін осындай алып кешенде мұндай шара өткізу тиімділігі зор. Демек, соншама адамға домбырамен өнер көрсету арқылы оларды мерекелік көңіл-күй сыйлаумен қатар, азаматтарымыздың патриоттық сезімін арттырып, ұлттық өнерімізді дәріптейміз. Сондықтан біз вокзал кезекшілерінің жұмысын күшейтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді толық қамтамасыз еттік, жас домбырашыларға қолайлы жағдай жасап, көмектестік, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Астана темір жол вокзал кешені» филиалының технологиялық процесті ұйымдастыру бөлімінің бастығы Ғалия Нүскеева.