"Шымкент - Алматы-2" пойызында босанған әйелге жолсеріктер бар жағдайды жасады

Әлеумет
17.01.2019, 14:14

Үстіміздегі жылдың 14-ші қаңтарында №174 «Шымкент-Алматы-2» бағытындағы жолаушылар пойызында Айгүл Жүзбаева есімді келіншек босанып, дүниеге қыз бала әкелді. Ауыр босануы ықтимал деген қорытындымен Алматының перинаталдық орталығына квота бойынша бара жатқан келіншектің аман-есен босануына вагон жолсерігі Дәурен Бәйменов пен пойыз бастығы Нұрманәлі Нұрманбет бар жағдайды жасап, қажетті медициналық құралдарымен қамтамасыз еткен. 

Жүктіліктің соңғы айындағы төртінші баласына аяғы ауыр жас ана 16-вагонда Шымкенттен күндізгі сағат 16.40 отырған екен. Шымкенттік дәрігерлер бір апта перинаталдық орталықта ұстап, жүкті әйелге қанының сұйық болуына байланысты тромботикалық анемия диагнозын қойып, босану кезінде қансырау басталса, тоқтата алуымыз мүмкін емес деп, Алматыға жіберіпті. Бір қызығы, Айгүлді жолға шығар алдында компьютерлік томографияға (КТ) түсіріп, екі күнге дейін толғақ басталмайтынын айтып, шығарып салыпты. Алайда, келіншектің Түлкібас станциясынан пойыз жүріп кеткеннен кейін аз-аздан толғағы басталыпты. Абырой болғанда, Бәйдібек ауданына қарасты Сарқырама ауылында тұратын Айгүлдің қасына сол ауылдың Роза есімді акушер-гинекологын қосып беріпті және жанында абысыны Ақмарал болған екен.

«Бурыл станциясынан шыққаннан кейін Айгүлдің толғағы күшейді. Таразға дейін шыдай алмайтынын білдік. Мен жолсерікті жедел шақырым шақырту керек шығар деп ескерттім. Дәрігерлер әзірге толғақ болмайды дегесін, жолға қамсыз шығыппыз. Жолсерік Дәурен Бәйменов пен оның әріптестері купені дайындап, керек-жарағымызды тауып берді. Оларға үлкен алғысымызды білдіреміз» дейді Ақмарал.

Ал жолсерік Дәуренмен хабарласып, сөйлескенімізде ол оқиғаны былай деп баяндап берді: «Менің вагонымда бір келіншектің қан қысымы көтеріліп келе жатқан еді. Мен сол кісіге Таразда жедел жәрдем шақыру керектігін пойыз бастығына хабарлап, содан соң ол кісіні тамбурға таза ауа жұтуға алып шыққан едім. Бір кезде жүкті әйелдің жеңгесі жедел жәрдем шақырту керек, әйел толғатып жатыр деп жүгіріп келді. Жағдайды дереу пойыз бастығына жеткіздім. Айгүлдің диагнозын білгенде, шыны керек бәріміз қорқып кеттік, жолаушылар да дүрлігісіп қалды. Тіпті, жаңағы қан қысымы көтеріліп тұрған әйел адамның қорыққаннан ба, ауруы да жоқ болып кетті (күліп алды). Қасындағы акушер әйелдің сұраған нәрсесін тауып әкеп беріп, бүкіл вагон ана мен баланың тілеуін тілеп, жанымызды шүберекке түйіп жүрдік. Енді, адам өмірі ойыншық емес қой, оның үстіне Шымкенттің мынау деген больницасы «тяжелый случай» деп Алматыға жіберіп отырса. Тағдырдың жазуын қойсаңызшы бұл, сол медицина білгірлері босандыруға бата алмаған әйел біздің пойызда, ешбір аппаратураның көмегінсіз-ақ босанды. Алла сақтап, бәрі сәтті аяқталды. Әрі қарай әйелге әлі де ұзақ емделіп, айығуы қажет деседі, дегенмен аман ғой, құдайға шүкір. Біреулер айтып жүргендей, біз ешкімнің алғысына зәру емеспіз, мұндай жағдай әрбір жолсеріктің практикасында бар десем, асыра айтқан болмаймын. Сосын, біз баланы туғызып, кіндігін кестік деп өтірік айтпаймыз, пойызда дәрігер барлық уақытта табылады. Біздің қолымыздан алғашқы медициналық көмек көрсету ғана келеді. Қызметіміз адаммен тікелей байланысты болғандықтан, оны оқу барысында үйретеді. Мені қынжылтқаны, дәрігерлердің осындай диагноз қоя отырып, жүкті әйелді босану мерзімі таяп қалғанда алыс жолға жіберулері еді. Бұл біліксіздік пе, білімсіздік пе әлде адам өміріне немқұрайлық, жауапсыздық па? Жаман айтпай, жақсы жоқ, жүкті әйел жолда анау-мынау болып кетіп жатса ше? Осыны болашақта дәрігерлер де, жолға шығарда жүкті әйелдер де ескергені абзал болар».

Айгүл қазір Таразда перинаталдық орталықта жатыр. Бөпесінің де, өзінің де жағдайы жақсы, дәрігерлер назарында.

Сөз реті келгенде, пойыз бригадалары қызметкерлерінің алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқулардан және кездейсоқ жағдайларда әрекет ету тренингтерінен өткенін атап өтер едік. Өткен жылы пойыздарда 10 сәби дүниеге келіп, оларға жолсеріктер қолдан келген көмектерін көрсеткен болатын.


Жүк тасымалы
21.09.2026
ҚТЖ астық штабы Қостанай мен Көкшетауда биылғы егінді шығаруды талқылады
Әлемде
21.09.2026
Аргентинада күн энергиясымен жүретін пойыз іске қосылды
Әлемде
21.09.2026
Үндістан Африка теміржол нарығындағы үлесін арттырып келеді
Жаңалықтар
21.09.2026
Машинист далада жалғыз қалған төрт жасар баланы тапты
Әлемде
21.09.2026
KORAIL Тәжікстан метросын дамытуға көмектеседі
Спорт
19.09.2026
Жүздеген теміржолшылар «ҚТЖ марафоны – Сіз де қатысыңыз» VI-шы қайырымдылық марафонына қатысты
Жаңалықтар
19.09.2026
Астанада 320-дан астам теміржолшы сенбілікке қатысты
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Сиань – Алматы халықаралық туристік пойызы Алматыға келді
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Ұлттық тасымалдаушы пойыз билеттеріне 20%-дан 30%-ға дейін күзгі жеңілдік ұсынады
Жаңалықтар
18.09.2026
Үздік белгі беру және байланыс дистанциясы
Жүк тасымалы
18.09.2026
«Қазтеміртранс» АҚ-ның Ақмола филиалы астық жинау науқаны кезінде астық тасымалдауға дайын
Инфрақұрылым
18.09.2026
Қызылорда облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
18.09.2026
Қарағанды – Сұрыптау станциясында орталықтандыру дөңесі жаңғыртылуда
Жаңалықтар
18.09.2026
ҚТЖ вокзалдарды жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда
Жаңалықтар
18.09.2026
Қазақстандық делегация Қытайда өткен «Бакту– 2026» форумына қатысты
Трансформация
18.09.2026
Электровоз зауытына саяхат
Аймақтар
18.09.2026
Жаңашылдық тиімділікке бастайды
Әлеумет
18.09.2026
Теміржолшы әйелдер форумы өтті
Аймақтар
18.09.2026
Шу теміржолшылары ардагерлерді ұлықтады
Жаңалықтар / Мұрағат
18.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №74 18 қыркүйек 2026 жыл