«Тағзым» - ерлік шежіресі

Әлеумет
25.08.2020, 16:30
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Қарт түбектен Ұлы Отан соғысына аттанып, кешегі қан майданға қатысқан майдангерлер жайлы әр жылдары «Тағзым» атты ерлік кітабы жарық көрген болатын. Төрт томы шыққан сол кітапқа теміржолшы-ардагерлер енбеген екен. Өткен жылы бұл қателік түзетілді. 

Құрметті теміржолшы, Маңғыстау теміржолының ардагерлер кеңесі төрағасы Амандық Алдабергенов пен кеңес мүшелерінің ізденісі мен ерен еңбегінің нәтижесінде «Тағзымның» бесінші томынан ҰОС қатысқан теміржолшы-ардагерлер де орын алды. Жинақта 26 ардагердің өмірбаяны мен фотосуреттері жарық көрді.

Осы жылы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай теміржолшы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін дәріптеу, олардың есімдерін елге таныту бағытында тағы да бірқатар игі істер атқарылды.

− Өзім жұмыста жүрген жылдары бүгінде бақилық болған соғыс және тыл ардагерлерінің біразымен қызметтес болдым. Көбі көз көрген, білген жандар еді. Қазір олардың тек төртеуі ғана арамызда. Көзі тірілерінің қатары жыл санап азайып барады. Сондықтан бүгінгі буын бізден де біраз дүниені алып қалуы керек қой. «Тағзым» кітаптарына теміржолшы-ардагерлеріміздің енбей қалғанын білген күннен бастап олар туралы іздестіріп, жинастыруға кірістік. Өзіміз білетіндеріміз бар, ұрпақтарын іздеп, сұрастырып, мұрағаттарды ақтарып, дерек жинадық. Оңай болған жоқ. Ол кездерде қазіргідей суретке түсу қайда, бірінің суретін алсақ, басқа дерегі жоқ, енді бірінің жақындарын таба алмай қиналдық. Шамамыз жеткенінше іздестіріп таптық. Соның өзінде ұрпақтары жоқ, олармен байланыс үзілген ардагерлер туралы ештеңе болмай, кітапқа кірмей қалды. Бірақ, әлі де хабарласып жатқандар бар, тізім әлі де толығатын болады деп ойлаймыз, – дейді Маңғыстау теміржолының ардагерлер кеңесі төрағасы Амандық Алдабергенов.

Сонымен ардагерлер кеңесі жинақтаған түбек теміржолының соғыс ардагерлері кімдер? Кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалғандар да болуы мүмкін. Қазір қолда бар мәліметке тоқталсақ, олар: II дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері Күбір Тлешов – бүгінде түбектегі көзі тірі жалғыз ардагер, өмір бойы Маңғыстау темір жолында пойыз құрастырушы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған, соғыста «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Гаврил Герасимов Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болды. Ал Қали Алдабергенов жол дистанциясының жол монтері болып еңбек етті. «Қызыл жұлдыз» орденді Дүйсенғали Көшеров Бейнеу жол дистанциясында есепші болса, Балым Жұмағалиев жол монтері еді. ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденді Миюадин Джолдасов та жол монтері болып зейнетке шыққанша еңбек еткен. I-II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған, «МақатАқтау» теміржол құрылысына қатысқан Шапай Нұрмағанбетов Маңғыстау локомотив депосында маңдайалды машинист болды, «Ерлігі үшін» медалі мен ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері Байназар Бейнеубаев та озат машинист болды. «Еңбек Қызыл Ту», Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордендерінің иегері Бораш Сүйеубаев Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болды, ал «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің иегері Жұбандық Досжанов Маңғыстау бөлімшесінде диспетчер болып қызмет атқарған. Қызыл жұлдыз орденді Набихан Бекбауов вагон депосында вагон қараушы болса, Қызыл жұлдыз орденді тағы бір ардагер Али Жұмайев талай жыл пойыз жүргізген машинист еді. ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған Ахмет Алмуратов та жол дистанциясында кәсіби жолшы болды. Сары Жолдасбаев – Балтық теңізі жағалауындағы фашист басқыншыларымен соғысып, «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталған ардагер. Зулхан Сақтағанов пен ІІІ дәрежелі Даңқ орденді ардагер Сүлеймен Ташекенов жол шаруашылығында еңбек етті.

Сонымен қатар, Маңғыстау локомотив депосындағы алғашқы жолаушы пойызын жүргізген жоғары класты машинист атанған Григорий Мальченко, Федор Жидков, Владимир Курдюков, Наум Глезин, Павел Наумов, Дмитрий Шуляк, Василий Портных, Жүніс Шаумұрынов, тағы да басқа аты аталмай, кітапқа енбей қалған соғыс және тыл ардагерлеріне маңғыстаулықтар мәңгі тағзым етеді. 

Жүк тасымалы
28.07.2026
Екібастұздан Ұлыбританияға: ҚТЖ қазақстандық тыңайтқыштарға жаңа экспорттық маршрут ашты
Жаңалықтар
28.07.2026
ҚТЖ локомотив паркін жоспарлы түрде жаңартуда
Аймақтар
28.07.2026
Маңғыстау станциясында «Қауіпсіз теміржол өткелі» акциясы өтті
ҚТЖ келбеті
28.07.2026
Шулық теміржолшылар апаттың алдын алды
Әлеумет
28.07.2026
«Үміт» пойызы іске қосылды
Қауіпсіздік
28.07.2026
Ақтөбеде теміржол өткеліндегі қауіпсіздік мәдениеті тексерілді
Аймақтар
28.07.2026
Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінде екі автотрансформатор пункті салынды
Қауіпсіздік
28.07.2026
Заң мен тәртіп: Болашақ жүргізушілерге теміржол өткеліндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Қауіпсіздік
28.07.2026
Қарапайым ережені сақтайық
Жолаушылар тасымалы
28.07.2026
Пойыздағы санитарлық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
Спорт
28.07.2026
Бас жүлдегер – «Теміржол қалқаны»
Жаңалықтар / Мұрағат
28.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №57 28 шілде 2026 жыл
Жаңалықтар
27.07.2026
ҚТЖ төтенше жағдайларға дайындықты және өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтті
Аймақтар
27.07.2026
Табиғат аясындағы семинар-тренинг
Аймақтар
27.07.2026
Сарыбел вокзалы жаңартудан кейін қайта ашылды
Әлемде
27.07.2026
Alstom компаниясы Франциядағы IPCEI сутегі жобаларын тоқтататынын хабарлады
Аймақтар
27.07.2026
Құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысы басталды
Жаңалықтар
27.07.2026
Миллионыншы контейнер Ресей – Қазақстан – Қытай бағдары бойынша жөнелтілді
Аймақтар
24.07.2026
Ақмола облысында қайта жаңартудан кейін екі теміржол вокзалы ашылды
Аймақтар
24.07.2026
Орал – Жилаево аралығында теміржолдағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық рейд өтті