Спортшы Алексей Тепляшин «Бішкек-1» теміржол станциясында бос тұрған сегіз жартылай жүк вагонын орнынан қозғалтып, ерекше рекорд орнатты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Ол теміржол құрамын 6,5 метрге дейін сүйреп апара алды. Вагондардың жалпы салмағы 189 тонна 600 келіні құрады.
Атлеттің күштік экстриммен айналысқанына 5 жылдан астам уақыт болған. Оның шеберлік арсеналында шеге бүгу, болттарды сындыру және металл конструкцияларды ширату секілді күштік жаттығулар бар.
Айта кетерлігі, осыдан жарты жыл бұрын Тепляшин жалпы салмағы 165 тонна 900 келі болатын жеті вагонды сүйреп, алғашқы жетістігін тіркеген.
Ендігі кезекте спортшы тоғыз вагонды қозғалтып, жаңа рекорд орнатуды жоспарлап отыр.