ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2021 жылы өткізілген республикалық және халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығулар қорытындысы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ бөлімшелерінің азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жұмысына жоғары баға берді, деп хабарлайды Rail-news.kz. Компания бас инженері Батыр Котыревтің басшылығымен «ҚТЖ»ҰК» АҚ азаматтық қорғау құрылымдары өздерінің техникалық мүмкіндіктері мен кәсіби құзыреттерін көрсетті. Бұл дағдылар мен білімдері теміржолшыларға Төтенше жағдайлар кезінде жедел және сауатты әрекет етуге мүмкіндік берері сөзсіз. Теміржолшылар әбден жетілдірілген жедел ден қою шараларын және уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау үйлесімділігін көрсетті. Ең бастысы – төтенше жағдайлар мен соғыс уақытында адамдардың қауіпсіздігін және теміржол көлігінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.
«Биылғы 21 қыркүйекте Алматы облысының Тамғалы Тас шатқалында «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, жойқын жер сілкінісі туындаған кезде ТЖ жоюға азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау мақсатында «Жер – 2021» халықаралық командалық-штабтық оқу–жаттығу өтті. Бұл шараға теміржол бөлімшелері үлкен дайындықпен келіп, барлық сынақтардан сүрінбей өтті. Өздерінің кәсіби дағдылары мен техникалық іс-қимылдарын ұтымды пайдалана білді. Осы еңбегіміз ҚР ИИДМ тарапынан жоғары бағаланды», – деп ақпарат берді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу бөлімінің бастығы Жәнібек Айманбетов.