Ғасырдың орасан зор жобасы деп мойындалған «Жезқазған-Бейнеу» теміржол магистралінің жалпы ұзындығы 1000 шақырымға жуық. Мұндай ұзын теміржол бұрынғы Кеңес Одағы кезінде де салынбаған. Тәуелсіз Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД тарихындағы ең ұзын теміржол желісін іске қосу Орталық Қазақстаннан Ақтау портына, Түрікменстанмен шекараға дейін және Парсы шығанағы бағытында ең қысқа теміржол қатынасын құруға мүмкіндік берді.

2012 жылғы 3 шілдеде Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл жаңа теміржол желілерінің құрылысы ресми түрде бастау алды. 2013 жылғы 20 желтоқсанда салынып жатқан жаңа теміржол желілері түйісті. Бұл құрылыс барысындағы маңызды кезең болғанымен, теміржол желілерінің ресми ашылу рәсімі 2014 жылғы 22 тамызда Жезқазған қаласында өтті. Осы күні жаңа желілерде пойыз қозғалысын бастауға ресми түрде жол ашылды. Ал Жезқазған – Сексеуіл учаскесінің мемлекеттік қабылдауы 2015 жылғы желтоқсанда жүзеге асырылды. 2016 жылы желі тұрақты пайдалануға берілді.  

Жаңа теміржол Жезқазғаннан басталып, Қызылорда облысының Сексеуіл станциясы мен Ақтөбе облысының Шалқар станциясы арқылы Маңғыстау облысындағы Бейнеуге дейін жалғасады. Осылайша, ол Орталық Қазақстанды батыс бағыттағы теміржол магистральдарымен байланыстырды.  

Жезқазған – Бейнеу теміржолын салу қажеттілігі бірнеше маңызды міндетпен байланысты болды. Біріншіден, елдің орталығы мен батысын байланыстыру. Бұған дейін жүк тасымалының бір бөлігі ұзақ айналма бағыттармен жүзеге асырылатын. Жаңа магистраль тасымал қашықтығын азайтуға мүмкіндік берді. Екіншіден, Ақтау портына шығатын бағытты дамыту. Батыс Қазақстандағы порт арқылы Каспий теңізі бағытында халықаралық жүк тасымалын ұйымдастыруға қолайлы жағдай қалыптасты. Үшіншіден, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Қытайдан келетін жүктерді Қазақстан арқылы Каспий теңізі мен одан әрі Еуропаға жеткізуге арналған бағыттарды дамытуға мүмкіндік туды. Төртіншіден, өндіріс орындарын көлік желісіне қосу. Орталық және батыс өңірлердегі өнеркәсіп кәсіпорындарының шикізат пен дайын өнім тасымалдау мүмкіндіктері кеңейді.  

Жаңа жол желісі бұрын тұйық станция саналған Жезқазғанды тоғыз жолдың торабына айналдырып, Жезқазған мен Сексеуіл және Шалқар мен Бейнеу станциялары аралығындағы елсіз, күйсіз маң дала төсінде 30-дан астам бекеттер мен 10-нан астам станциялар бой көтерді. Құлазыған кең жазық дала төсіне жан бітіп, теміржолшыларға арнап үйлер, басқа да әлеуметтік нысандар салынды. Жаңадан жұмыс орындары ашылды. Солтүстіктен, Астанадан оңтүстік пен батысқа қарай бағытталған жолаушылар тасымалының да уақыты әлдеқайда қысқарып, жолаушылар діттеген жерінен бұрынғыдан жылдам жететін болды. Осылайша, ғасырдың ірі теміржол жобасы атанған алып магистральдық желі тоқтаусыз жұмыс істеп, бүгінде егемен еліміздің қарыштап дамуына үлесін қосуда.