Елордадағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының жанында Теміржолшылар алаңы барын екінің бірі біле бермейді. Теміржолшылар құрметіне, теміржол мамандарының еңбегін дәріптейтін ерекше орынға арнайы саяхат жасап қайттық.
Жалпы аумағы бір гектарды құрайтын Теміржолшылар алаңы 2023 жылы Көлік қызметкерлері күніне орай ашылған. Кейіннен қола мүсіндермен толыққан бұл қоғамдық кеңістік бүгінде елорда келбетіне өзіндік көрік беріп тұр.
2024 жылы Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай алаңда машинист, жолсерік қыз және жолшы мамандықтарын бейнелейтін мүсіндер ашылды. Олардың авторы – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі мүсінші Мұрат Мансұров. Қоладан құйылған туындылар теміржолшылардың қажырлы еңбегі мен кәсіби ерекшелігін айқындайды. Сонымен қатар болат жол бойында еңбек ететін ерекше мамандық иелеріне деген құрметтің айқын көрінісі дер едік. Әр мүсіннің өзіндік сыры бар. Тіпті тарихы да бар. Машинист бейнесі – қауіпсіз қозғалыс пен жауапкершіліктің, жолсерік – жолаушыларға көрсетілетін мінсіз қызмет пен қамқорлықтың символындай, ал жолшы бейнесінде – темір табан жолдардың қауіпсіздігі мен сенімділігін құрыш білегімен қамтамасыз ететін күш-қайрат сезіледі.
Қазақстанның әр өңірінде теміржол саласының өзіндік тарихы мен дәстүрі қалыптасқан. Теміржолшылардың еңбегіне құрмет пен тағзым көрсету дәстүрі бәріне ортақ. Мәселен, Ақтөбедегі локомотив пайдалану депосының ауласында машинистке арналған ескерткіш баяғыдан бері мызғымай тұр. Түрксіб теміржолының бойындағы ірі қалалар мен елдімекендерде, Арыстан бастап Бурабай курорты станциясына дейін теміржолшылардың құрметіне тарихи паровоз ескерткіші орнатылған. Қаншама қалада Теміржолшылар паркі, сквер бар.
Өткен жылы төл мереке қарсаңында Сарышаған кентінде теміржолшыларға арналған монумент бой көтерді.
Қорыта айтқанда, бұл ескерткіш белгілер, өнер туындылары – жай ғана сәулеттік композиция емес, ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласында еңбек ететін мыңдаған маманға көрсетілген құрмет белгісі болып табылады. Елордадағы мүсіндер арқылы бейнеленген мамандықтар Қазақстанның барлық облысында күн сайын адал еңбек етіп жүрген теміржолшылардың ортақ бейнесін танытады.
Бағдина СЕКЕРБЕК, Астана