«ҚТЖ» ҰК» АҚ корпоративтік омбудсмені Қанат Әлмағамбетов еңбек ұжымдарымен тиімді кері байланыс орнату, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ әлеуметтік және өндірістік мәселелерді жедел қарау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында омбудсмен Алматы және Қарағанды өңірлеріндегі теміржол кәсіпорындары мен құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлерімен көшпелі кездесулер және тораптық кеңестер өткізілді. Достық және Алтынкөл станцияларында, Магистральдық желі дирекциясының Қарағанды бөлімшесінде кездесулер ұйымдастырылып, Жезқазған, Қызылжар, Жаңаарқа станциялары мен басқа да өндірістік нысандардың жұмысы қамтылды. Кездесулер нәтижесі бойынша құрылымдық бөлімшелердегі әлеуметтік-еңбек жағдайында жалпы оң динамика байқалғаны атап өтілді. Маңызды нәтижелердің бірі – корпоративтік омбудсмен аппаратына түсетін өтініштер мен шағымдар санының азаюы. Бұған еңбек ұжымдарында түсіндіру жұмыстарының күшеюі және басшылардың қызметкерлер үшін қолжетімді болуы ықпал етіп отыр.
Қарағанды магистральдық желі бөлімшесінде өткен кездесулерде негізгі тақырып жалақы мен сыйақы есептеу мәселесі емес, еңбек жағдайы, медициналық қызмет көрсету, арнайы киіммен қамтамасыз ету, кадр тапшылығы, көлік қатынасының қолжетімділігі және өндірістік инфрақұрылымға қатысты мәселелер көтерілді. Кейбір өтініштер мен ұсыныстар бақылауға алынып, Компанияның тиісті басшыларына жеткізілді.

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Үшінші тоқсанда қызметкерлерге медициналық қызмет көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жезқазған қаласында өткен кездесулерде қызметкерлер «Медикер» сақтандыру бағдарламасы аясында жекелеген медициналық қызметтерге қол жеткізуде қиындықтар бар екенін айтты. Атап айтқанда, бірқатар медициналық ұйымдарда стоматологтардың жоқтығына байланысты сала қызметкерлері Қарағанды қаласына баруға мәжбүр. Сондай-ақ кейбір нысандарда ауысым алдындағы медициналық тексерулерді ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Қызметкерлер тексерулерді тиісті жағдайда өткізу және медициналық пункттерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керектігіне назар аударды. Қарағанды – Сұрыптау станциясында медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру мәселесі жеке талқыланды. Ірі теміржол торабында еңбек ететін қызметкерлерге медициналық қолдау көрсетуді күшейту мүмкіндігі қарастырылуда. Корпоративтік омбудсмен көтерілген мәселелерді жауапты құрылымдық бөлімшелермен және медициналық сақтандыру ұйымымен бірлесіп пысықтауды тапсырды.

ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
Теміржолшылардан түсетін өтініштердің едәуір бөлігі арнайы киім мен аяқкиіммен қамтамасыз етуге қатысты болып отыр. Жезқазған, Қызылжар және Жаңаарқа станцияларында қызметкерлер арнайы киім мен аяқкиімнің жекелеген түрлерінің сапасын арттыру қажеттігін айтты. Мысалы, төмен температура жағдайында жұмыс істеу ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Кездесулер қорытындысы бойынша бөлімше басшыларына қызметкерлерді арнайы киіммен және аяқкиіммен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау, ал анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсыныстар мен өтінімдер енгізу тапсырылды. Өндірістік және тұрмыстық нысандардың жай-күйі де қаралды. Теміржолшылардың техникалық қызмет көрсету пункттерін жөндеу, тұрмыстық жағдайларды жақсарту, қауіпсіз жаяу жүргіншілер жолдарын ұйымдастыру және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігіне назар аударылды.

ҮЙІ БАРДЫҢ КҮЙІ БАР
Тораптық кеңестерде көтерілген жүйелі мәселелердің бірі – жұмыскерлерді қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету болды. Достық және Алтынкөл станцияларында тұрғын үй қорының жеткіліксіздігі білікті мамандар тартуға кері әсерін тигізіп отырғаны айтылды. Достық станциясында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келеді. Осы ретте тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешудің бір жолы ретінде, еліміздің Қорғаныс министрлігіне тиесілі тұрғын үйлерді қабылдап алып, құрылысын аяқтау жөнінде ұсыныс жасалды. Осыған байланысты қызметкерлерге Астана, Шымкент және Семей қалаларында қызметтік көппәтерлі тұрғын үйлер салу бойынша пилоттық жобаның іске асырылып жатқаны туралы ақпарат берілді. Жобаның нәтижесі оң болған жағдайда оны басқа өңірлерде де жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылмақ. Кездесулер барысында шалғай станцияларға жұмысқа жіберілетін қызметкерлердің тұру жағдайы мен оларға ұсынылатын тұрғын үй сапасы да талқыланды.
КАДРЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Үшінші тоқсандағы кездесулердің күн тәртібінде кадрлық қамтамасыз ету мәселесі маңызды орын алды. Жекелеген өңірлердегі теміржол кәсіпорындарында локомотив машинистері мен олардың көмекшілеріне деген сұраныс сақталып отыр. Сонымен қатар тасымал жұмыстарының нақты көлемін ескере отырып, штат санын қажетті деңгейде қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуде. Компанияда біліктілік талаптарын жетілдіру және өндірістік тәжірибесі жоқ, бірақ тиісті дипломы бар мамандарды жұмысқа қабылдау мүмкіндіктері де қарастырылуда. Ішкі кадрлық ресімдерді жетілдіруге де назар аударылды. Мысалы, қызметкер Компаниямен еңбек қатынасында болған жағдайда оны бір құрылымдық бөлімшеден екіншісіне ауыстыру ресімдерін жеңілдету мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
ҰСЫНЫС ЖОЛДАУ МҮМКІНДІГІ БАР
Кездесулер барысында корпоративтік омбудсмен қызметкерлерді еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекақы төлеу, медициналық қызмет көрсету, тұрмыстық жағдайлар және басқа да мәселелер бойынша өз ұсыныстары мен бастамаларын белсенді түрде жолдауға шақырды. Түскен барлық ұсыныс жұмыс тобының қарауына беріледі. Әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсартуға және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған негізі бар бастамалар жаңа Ұжымдық шарт жобасын әзірлеу кезінде қарастырылатын болады.

ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК МӘСЕЛЕЛЕР
Кездесулер барысында теміржолшылар пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі мен өндірістік үдеріске тікелей қатысты мәселелерді де белсенді түрде көтерді. Атап айтқанда, теміржолдардың жайкүйі, жылдамдықты шектеу туралы ескертулердің болуы, малдың теміржолға шығуы, қызметкерлерді радиостанциялармен қамтамасыз ету, локомотив бригадаларын ауыстырып орналастыруды ұйымдастыру, техникалық қызмет көрсету пункттерінің жағдайы және тасымал көлемінің артуына байланысты инфрақұрылымды дайындау мәселелері талқыланды. Бірқатар мәселе бойынша түсініктемелер кездесулер барысында тікелей берілді. Қалған ұсыныстарды одан әрі пысықтау үшін жауапты құрылымдық бөлімшелерге жолданды.
АШЫҚ ДИАЛОГ – БАСТЫ ҚАҒИДАТ
Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша құрылымдық бөлімшелердің басшыларына еңбек ұжымдарымен жүйелі жұмысты жалғастыру, қабылданған шешімдер туралы қызметкерлерді тұрақты хабардар ету, кәсіподақ ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту және келіп түскен ұсыныстарды уақытылы қарау ұсынылды. Корпоративтік омбудсмен тиімді кері байланыс жүйесі мәселелерді бастапқы кезеңде анықтауға және олардың еңбек жанжалдарына ұласуына жол бермей, дер кезінде шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Корпоративтік омбудсмен институтының басты міндеті – қызметкер мен Компания арасындағы байланысты қамтамасыз ету, әрбір қызметкерге өз мәселесін ашық айтуға және оның объективті түрде қаралуына мүмкіндік беру. Әрбір қызметкер өзінің өтініші назардан тыс қалмайтынын түсінуі маңызды. Компанияның құзыретіне кіретін әрбір мәселе бойынша нақты шаралар қабылдануы тиіс, – деп түйіндеді сөзін «ҚТЖ» ҰК» АҚ корпоративтік омбудсмені Қанат Әлмағамбетов.
