Құрметті қазақстандықтар! Құрметті теміржолшылар қауымы! Сіздерді қастерлі де қадірлі мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Дербестік – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін созылып жатқан, ұшқан құстың қанаты талатын, ұлан-ғайыр жерімізді қызғыштай қорғаған даңқты бабаларымыздың, азаттықты аңсаған халқымыздың орындалған ақ арманы! Ғасырға бергісіз осы 30 жылда Қазақстан өркениет көшіне ілесіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Егемендіктің еңселі болуына теміржолшылардың да қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қазіргі уақытта жүк пен жолаушылар тасымалының 70% астамы темір жолға тиесілі. Тәуелсіздік жылдарында елімізде теміржол инфрақұрылымы салынып, 2,5 мыңнан астам шақырым жол төселді, теміржол машинажасау саласы дамыды. Нәтижесінде зама- науи локомотивтер, вагондар, басқа да құрал-жабдықтар өз елімізде өндіріліп келеді. Соңғы 10 жылда контейнерлік тасымал транзиті қарқын алып, биыл 1 миллион ЖФЭ-ге жетті. Мұндай қыруар шаруаның артында кәсібіне жан-тәнімен берілген теміржолшылар қауымы тұрғаны анық. Құрметті әріптестер! Осынау мерейлі шақта сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Киелі еліміздің тұғыры берік, болашағы баянды болсын! Нұрлан САУРАНБАЕВ, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы