Өткен аптада «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалында кәсіподақ ұйымдары тарапынан өткізілуі тиіс жұмыс жоспары талқыланды.

– Ағымдағы жылы «Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай ауқымды іс-шаралар топтамасы жоспарланып, бірлестік тарапынан біршама тапсырмалар бекітілген болатын. Пандемиялық шектеулерге сай жоспарлы бұқаралық іс-шараларды өткізудің барынша қолайлы нұсқаларын таңдау талап етіледі. Осыған орай бөлімше мекемелерінің кәсіподақ ұйымы төрағаларымен кеңесу жиынын өткізіп, жұмыс жоспарымызды талқыладық. Кәсіподақ төрағалары тарапынан да ұсыныстар айтылып, бірлестік ұсынған жұмыс жоспары өз алдына, жергілікті жерлерде теміржолшыларды қолдаудың кешенді шаралары жүргізілетін болады, – деді Қызылорда кәсіподағы филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов.

Мерейтойлық іс-шаралардың бастамасы ретінде Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының кәсіподақ ұйымы әзірлеген күнтізбе назарға ұсынылды. Күнтізбеде дистанция кәсіподағының бастамасымен өткен жылы атқарылған жұмыстар легімен қатар, биылғы жоспарлы шаралар да рет-ретімен көрініс тапқан. Жиында, сонымен қатар, бөлімше бойынша өткізілетін бұқаралық спорттық шаралардың да кестесі бекітілді.