Теміржол вокзалдарын жаңғырту Жетісу облысында жалғасуда
Жетісу облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жалғасуда. Жұмыстар Үштөбе, Лепсі, Сарыөзек, Бескөл, Жайпақ және Достық станцияларында жүргізілуде. Талдықорған, Көктұма және Ақши вокзалдарында жұмыстар аяқталды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин өңір вокзалдарын жаңғырту барысын тексерді. Ол Сарыөзек және Үштөбе станцияларында болып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқыны мен сапасымен танысты.

Тексеру қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға жұмыс қарқынын жеделдету, жұмысты екі ауысымда ұйымдастыру, жұмылдырылған қызметкерлер мен техника санын көбейту, сондай-ақ қойылған міндеттердің орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Талдықорғанда Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Қатысушылар теміржол вокзалдарын жаңғырту барысын, ағымдағы мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылады. Жұмыстарды жоспарлы мерзімде аяқтау үшін объектілердегі жұмысшылар мен техника санын ұлғайту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Вокзалдарды жаңғырту жолаушылар үшін заманауи және жайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Жұмыстың орындалу мерзімі мен сапасы тұрақты бақылауда.
