Отар – Шу учаскесіндегі оқу-жаттығуға өрт сөндіру пойызы қатысты
Гвардейск гарнизонында теміржол көлігінде туындауы мүмкін төтенше жағдайларды жоюға арналған арнайы оқу-жаттығу өтті. Оған Қазақстан Қарулы күштерінің тылдық қамтамасыз ету бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері және «Қазақстан темір жолы» АҚ мамандары қатысты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша Отар – Шу теміржол учаскесінде шартты қарсылас әскери техника, жанар-жағармай материалдары мен әскери мүлік тиелген эшелонға FPV-дронмен шабуыл жасады. Салдарынан жабық вагоннан өрт шығып, жалынның жанар-жағармай тиелген цистернаға таралу қаупі туды.
Оқиға орнына әскери қызметшілер, құтқарушылар мен теміржолшылар жұмылдырылды. Өртті сөндіру барысында алғаш рет шынжыр табанды платформаға орнатылған мобильді роботтандырылған кешеннің прототипі қолданылды. Құрылғы су мен өрт сөндіретін көбікті қашықтан шашуға мүмкіндік береді. Осылайша жеке құрамның аса қауіпті аймаққа тікелей кіру қажеттілігі азаяды.

Әуеден барлау жүргізу және жасырын өрт ошақтарын анықтау үшін жылу камерасымен жабдықталған ТЖМ дроны пайдаланылды. Ал әскери техниканы қауіпті аймақтан эвакуациялауға «Қазақстан темір жолының» 150 тонналық краны бар қалпына келтіру пойызы тартылды.
ҚР ҚК ТББ материалдық қамтамасыз ету бас басқармасы өртке қарсы қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Ермек Қақабаевтың айтуынша, жаттығудың негізгі мақсаты – теміржол көлігінде төтенше жағдай болған кезде Қарулы күштердің мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылын пысықтау.
«Алынған дағдылар жедел әрекет етуді арттырып, әскерлерді үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде шартты өрт оқшауланып, оның жанар-жағармай материалдары тиелген цистернаға таралуына жол берілмеді. Әскери техника да қауіпті аймақтан эвакуацияланды.
Оқу-жаттығу төтенше жағдай кезінде әскери бөлімдер, құтқарушылар мен теміржол қызметтерінің бірлесіп әрекет ету тетіктерін тәжірибе жүзінде пысықтауға мүмкіндік берді.