Тәжірибелі тәлімгер тағылымы
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жобалау-конструкторлық бюросының маманы Ренат Беркеновтің салада жұмыс істеп жатқанына 22 жылдан асты. Бір кезде ұлттық компанияға жас маман болып келген Ренат Ғабдоллаұлы түрлі қызметтік сатылардан өтіп, бүгінде бюроның іздестіру жөніндегі жобалық тобы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілген.
Ренаттың кәсіби маман ретіндегі қырын аша түсетін қасиеті – тәлімгерлік. Ол көп жылғы тәжірибесін жұмыста қолданумен қатар жас мамандармен бөлісіп, оларды қызығы мен қиындығы қатар, жазу-сызуы көп салаға бейімделіп, жұмысты алып кетулеріне қолдан келген көмегін аямайды.
– Теміржол саласындағы кез келген қызмет сияқты біздің де жұмысымыздың жауапкершілігі үлкен. Біз магистраль бойына шығып, инженерлік геодезиялық түсірілімдер жасаймыз, жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге дайындаймыз, барлық станциялық жолдар профилінің инструментальдық тәртібін жасаймыз. Яғни пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыру үшін темір жолдың сапасын, профилінің дұрыс болуын, жоғарғы құрылысының жағдайын зерттеп, осы бағытта жобалық-конструкторлық жұмыс жүргіземіз. Бөлімде 12 адам жұмыс істейді, – дейді Ренат Беркенов.
Кейіпкеріміздің тәлімгерлікпен айналыса бастағанына екі жылдай уақыт болыпты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен М.Тынышпаев атындағы ALT университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес теміржол бағыты бойынша оқып жатқан студенттердің Ұлттық компания мен оның филиалдарында тәжірибеден өтуі қарастырылған. Ренат Ғабдоллаұлы – конструкторлық-жобалық сызбалармен айналысатын студенттерді қамқорлығына алып, тәлімгерлік етіп жүрген кәсіби мамандардың бірі.
– 2024 жылдан бастап бізге ALT университетінен студенттер келе бастады. Сол жылы 30 студент тәжірибелік тағылымдамадан өтсе, биыл 40-тан астам студент келді. Біз оларды өзімізбен бірге іссапарға алып шығып, профильдер түсірілімін арнайы геодезиялық аспаптармен жасауды үйретеміз, кейін оларды профиль бағдарламасы арқылы өңдейміз. Қазір бізде жаңа бағдарламаны сатып алу процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар биылдан бастап 15 студентке дуальды оқытуды ұйымдастырмақпыз. Студенттердің біздің бюрода, жалпы ҚТЖ филиалдарында жұмыс істеуге қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқанын байқап, оған тәлімгер ретінде біз де үлес қосып отырғанымызға қуанамыз, – дейді Ренат Беркенов.
Ол тәлімгер болудың да өзіндік жауапкершілігі бар екенін айтады. Студенттердің кез келген сұрағына жауап беру үшін үнемі білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырады екен. Біз айтар едік, ең бастысы тәлімгердің бойында ұстаздық тәрбиелік қасиет болуы керек. Теміржолшы әулетінің үшінші буыны Ренаттың бойында тәлімгерлік қасиет те, тағылым да бар.