Қазақстан мен Ресей көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, халықаралық көлік дәліздерін дамытуға ниетті. Мәскеуде өткен келіссөздер барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл, теміржол және автомобиль тасымалдарын ұлғайту, сондай-ақ көлік саласын цифрландыру мәселелерін талқылады , деп хабарлайды Rail-news.kz.

Кездесуде көлік бағыттарының екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтағы маңызы атап өтілді. Ресейлік тараптың мәліметінше, өткен жылы жүк теміржол тасымалы төрт пайызға өссе, 2026 жылдың он айында бұл көрсеткіш 3,1 пайызды құраған. Әуе қатынасында да оң динамика байқалады.

Қазақстан мен Ресей ЕАЭО-ның 2024–2026 жылдарға арналған көлік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі «жол картасын» орындап келеді. Қазір тараптар оның 2027–2029 жылдарға арналған жаңартылған нұсқасы бойынша консультациялар жүргізуде.

Маңызды бағыттардың бірі – «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі. 2026 жылы Ресей, Қазақстан, Түрікменстан және Иран теміржол әкімшіліктері шығыс бағыт бойынша бірыңғай тарифтік жағдайларды енгізді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде контейнерлік пойыздардың орташа жеткізу мерзімі 33 тәуліктен 16 тәулікке дейін қысқарған.

Теміржол тасымалы бойынша да өсім бар. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Ресей мен Қазақстан арасындағы теміржол өткізу пункттері арқылы, үшінші елдермен қатынасты қоса есептегенде, шамамен 80 миллион тонна жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш пайызға көп.

Сонымен қатар «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс бағыты бойынша тасымал көлемі он айда 13,1 пайызға артқан. Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Шығыс – Батыс» дәлізіндегі транзит те 18 пайыздан астам өскен.

Тараптар көлік саласын цифрландыруға да басымдық беріп отыр. Ресейдің «Лотос» және Қазақстанның SmartCargo платформаларын өзара ықпалдастыру, сондай-ақ Қытай – Ресей және Қытай – Беларусь бағыттарын цифрландыру мәселелері қарастырылды.

2026 жылы мамыр айында Мәскеу мен Астана арасында шекарадан өтетін жүк тасымалының алғашқы автономды режимдегі тәжірибелік рейсі жүзеге асырылған. Ал қазанда электрондық жүкқұжат e-CMR қолданылатын автомобиль тасымалының пилоттық жобасы іске қосылды. Ендігі міндет – электрондық жүкқұжатты ЕАЭО кеңістігінде толыққанды пайдалануға көшу.

Ресей мен Қазақстан сондай-ақ Қытайдан Әзербайжанға Ресей аумағы арқылы контейнерлік тасымал ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл үшін Қазақстан және Әзербайжан теміржолдарымен бірлесіп, қолданыстағы тарифтерді төмендету туралы шешім қабылданған.

Осы жобалардың барлығы екі елдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға, жүк жеткізу мерзімдерін қысқартуға және халықаралық көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.