Көлік аптасы шеңберінде өткен «New Silk Way» бизнес-форумы аясындағы келесі панельдік сессия «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту тақырыбына арналды.

Онда аталған дәліздің ағымдағы жай-күйіне және келешектегі дамуына; аталған дәліз бойында кездесіп жататын негізгі кедергілерге, оларды жою және тасымал тиімділігін арттыру; «Солтүстік – Оңтүстік» шығыс бағытын дамытудың мүмкіндіктері; осы бағдар бойынша қосымша тасымал көлемін тарту мүмкіндіктері; бағдарды цифрландыра отырып, жүк тасымалын оңтайландыру және шекарадан өту уақытын қысқарту сияқты басқа да маңызды мәселелерге көңіл бөлінді.  

– Бұл бағыт өте өзекті. Біз тасымал көлемінің жыл сайынғы өсімін, жоғары сұраныс пен зор келешекті көріп отырмыз. Сондықтан форумға қатысушылардың бәрі инфрақұрылымды дамыту, «жасыл дәліздер» құру және кедергісіз транзитті қамтамасыз ету бойынша іс-қимылдарды синхрондау қажеттілігін бір ауыздан атап өтті. Сондай-ақ теміржол әкімшіліктері арасында тәжірибе алмасу және ақпараттық жүйелерді интеграциялау маңызды. Осының бәрі, сөзсіз, белгілі бір нәтиже береді. Шығыс бағыты қазірдің өзінде жақсы динамика көрсетіп отыр, – деді ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов.  

Сонымен қатар New Silk Way халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы аясында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүше мемлекеттерінің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшылары Кеңесінің 11-ші отырысы өтті. Қатысушылар ЕАЭО-ның келісілген көлік саясатын жүзеге асыруды, халықаралық көлік дәліздерін дамытуды, «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарындағы инфрақұрылымдық шектеулерді жоюды, сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын дайындау мәселелерін талқылады. Әсіресе тасымалдауды цифрландыруға, e-CMR халықаралық электрондық көлік жүкқұжаттарын енгізуге, көліктік бақылауды жетілдіруге және ұшу қауіпсіздігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді.